Таразда әкімшілік құқық бұзушылық істерін және құжаттарды дұрыс рәсімдеу сұрақтарын талқылады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау
Жамбыл облыстық сотының бастамасымен «Әкімшілік құқық бұзушылық істерді және хаттамаларды рәсімдеудің негізгі кезеңдерін талқылау» тақырыбында облыстың жергілікті соттарының судьяларының, прокуратура қызметкерлері, жергілікті атқарушы, құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау органдарының және БАҚ өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Жомарт Рүстембеков кездесуді ашып, семинарды өткізудің негізгі мақсаты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер мен құжаттарды дұрыс және толық рәсімдеу мәселелерін талқылау және оларды анықтау екендігін атап өтті.
Сондай-ақ ол соттардың 2016 жылғы әкімшілік істерді қарау сапасына тоқтала келе, судьяларға істердің мән-жайын толық зерделеу және сот практикасының талдауына назар аударуы қажеттігін ескертті.
Дөңгелек үстелдің модераторы Жамбыл облыстық сотының судьясы Гүлнәр Сыздықова әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы толтыру кезінде туындайтын мәселелер және істерді қарау барысында орын алған негізгі кемшіліктерге баса назар аударып, өтіп кеткен жылы қаралған әкімшілік істердің өндірісі тоқтатылған істердің себептеріне тоқталды.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылармен Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес полиция қызметкерлерінің және мемлекеттік мекемелер мамандарының әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы дұрыс толтырмауы және құжатты толық рәсімдемеуі салдарынан сотта қарау кезінде қиындық туғызатын мәселелерді жан-жақты талқыланды.
Іс-шара соңында Ж.Рүстембеков соттар заң үстемдігін қамтамасыз ету мақсатында бар күш-жігерін жұмсауы қажеттігін атап өтті.
 
Қайнар: Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметі