Жиі қойылатын сұрақтар

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы
Сайтқа кірушілердің назарына!
Құрметті сайт қонақтары, кез келген сұрақтар бойынша білікті заң көмегін заң консультациясына жүгіну арқылы алуға болады. 
Төменде ең жиі қойылатын сұрақтарға қатысты ақпарат беріледі.
 
Сот бұйрығы дегеніміз не?
Сот бұйрығы сот актісі болып табылады, жауапкерді және талап қоюшыны олардың түсіндірмелерін тыңдау үшін шақырмай-ақ және сот талқылауынсыз, даусыз талаптар бойынша жауапкерден ақшаны өндіріп алу немесе жылжымалы мүлікті талап ету туралы талап қоюшының арызы бойынша, сондай-ақ заңда белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда дауды сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған келісімдерді орындау туралы талап қоюшының арызы бойынша электрондық нысанда шығарылады.
Сот бұйрығының мазмұны ҚР АІЖК-нің 140-бабымен белгіленеді.
Сот бұйрығының атқарушылық құжат күші болады. Сот бұйрығы бойынша өндіріп алу сот шешімдерін орындау үшін белгіленген тәртіппен жүргізіледі. (АІЖК-нің 134-бабы).
 
Қылмыстық іс бойынша сот отырысының хаттамасымен қалай танысуға болады?
Басты сот талқылауының хаттамасына қағаз жеткізгіште қол қойылғаннан кейiн бес тәулiк iшiнде тараптар, сондай-ақ осы Кодекстiң 347-бабының жетiншi бөлiгiнде көрсетiлген өзге адамдар сот отырысының хаттамасымен танысуға, хаттамаға жазбаша нысанда немесе электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанында ескертулер беруге құқылы. Сот отырысы хаттамасының көлемі үлкен болған жағдайда, төрағалық етуші тараптардың өтінішхаты бойынша олардың танысуы және ескертулер беруі үшін неғұрлым ұзақ, қисынды мерзім белгілейді. (ҚР ҚІЖК-нің 348-бабы).
 
Азаматтық іс бойынша сот отырысының хаттамасымен қалай танысуға болады?
Іске қатысатын адамдар немесе олардың өкілдері сот отырысының хаттамасымен, қысқаша хаттамамен, аудио-, бейнежазбаның мазмұнымен олар дайындалған және оларға қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде танысуға құқылы. Көрсетілген тұлғалар танысқаннан кейін үш жұмыс күні ішінде хаттамаға, қысқаша хаттамаға, аудио-, бейнежазбаға жасалған процестік әрекеттердің және олардың нәтижелерінің тіркелуінің толық еместігін көрсете отырып, жазбаша түрде немесе электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанында ескертулер беруге құқылы. (ҚР АІЖК-нің 284-бабы).
 
Судьяға қарсылық білдіруге бола ма?
Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасына сәйкес, судьяға келесі негіздер бойынша қарсылық білдіруге болады:
Судья, егер ол:
      1) осы істі осының алдында қараған кезде медиацияны жүргізген судья, прокурор, куә, сарапшы, маман, аудармашы, консультант, тараптың немесе үшінші тұлғаның өкілі, сот отырысының хатшысы, сот орындаушысы ретінде қатысқан болса;
      2) іске қатысатын адамдардың немесе олардың өкілдерінің бірінің туысы, жұбайы (зайыбы) немесе жекжаты болса;
      3) істің нәтижесіне жеке өзі, тікелей немесе жанама түрде мүдделі болса не, егер оның бейтараптығына негізді күмән тудыратын өзге де мән-жайлар болса, істі қарауға және шешуге қатыса алмайды және оған қарсылық білдірілуге (өздігінен бас тартуға) тиіс.
      2. Істі қарайтын соттың алқалы құрамына өзара туыс, ерлі-зайыптылар немесе жекжаттар болып табылатын судьялар кіре алмайды. (ҚР АІЖК-нің 38-бабы)
1. Судья, егер ол:
      1) осы Кодекске сәйкес қылмыстық iс соттылығына жатқызылған судья болып табылмаса;
      2) осы қылмыстық іс бойынша тергеу судьясы ретінде қатысқан болса, тергеу судьясының қаулыларына шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын қараған болса;
      3) осы iс бойынша жәбiрленушi, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер болып табылса, куә ретiнде шақырылса не шақырылуы мүмкiн болса;
      4) осы қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге сарапшы, маман, аудармашы, куәгер, сот отырысының хатшысы, анықтаушы, тергеушi, прокурор, қорғаушы, күдіктінің, айыпталушының заңды өкілі, жәбірленушінің, азаматтық талапкердің немесе азаматтық жауапкердiң өкiлi ретiнде қатысса;
      5) жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердің, азаматтық жауапкердiң немесе олардың өкiлдерiнiң туысы, күдіктінің, айыпталушының немесе оның заңды өкiлiнiң туысы, прокурордың, қорғаушының, тергеушiнiң немесе анықтаушының туысы не процеске қатысушылардың қайсыбіреуінің жекжаты болса;
      6) егер судья осы iске жеке, тiкелей немесе жанама түрде мүдделi деп санауға негiз болатын өзге де мән-жайлар болса, iстi қарауға қатыса алмайды.
      2. Қылмыстық iстi қарайтын соттың құрамына туыстық немесе басқа да жеке тәуелдiлік қатынастарымен байланысқан адамдар кiре алмайды.
      3. Қылмыстық iстi бiрiншi сатыдағы сотта қарауға қатысқан судья бұл iстi апелляциялық және кассациялық сатылардағы сотта қарауға қатыса алмайды, сол сияқты өзінің қатысуымен шығарылған үкімнің немесе істі тоқтату туралы қаулының күші жойылған жағдайда, істі бірінші сатыдағы сотта жаңадан қарауға қатыса алмайды.
      4. Істi апелляциялық сатыдағы сотта қарауға қатысқан судья өзінің қатысуымен қабылданған апелляциялық үкімнің, қаулының күші жойылғаннан кейін осы істі бірінші және апелляциялық сатыларда қарауға, сондай-ақ істі кассациялық сатыда қарау кезінде қатыса алмайды.
      5. Істi кассациялық сатыдағы сотта қарауға қатысқан судья өзінің қатысуымен қабылданған қаулының күші жойылғаннан кейін бұл iстi бірінші, апелляциялық және кассациялық сатылардағы сотта қарауға қатыса алмайды.
      6. Iстi алдыңғы сот сатыларында қарауға қатысқан судья сол iсті кассациялық сатыда қарауға қатыса алмайды. Істі кассациялық сатысында қарауға қатысқан судья сол істі төмен тұрған сатылардағы соттарда қарауға, сондай-ақ осы Кодекстің 484-бабының төртінші бөлігіндегі тәртіппен кассациялық сатының қаулыларын қайта қарауға қатыса алмайды.
      7. Істі бірінші, апелляциялық және кассациялық сатыларда қарауға қатысқан судья осы істі жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қарауға қатыса алмайды.
      7-1. Егер судья қылмыстық құқық бұзушылыққа басқа сыбайлас қатысушыларға қатысты бірінші сатыдағы сотта қылмыстық істі қарауға бұрын қатысқан болса, ол жаңадан келіп түскен қылмыстық істі қарау кезінде бірінші сатыдағы сотқа қатыса алмайды.
      7-2. Егер апелляциялық және кассациялық сатының судьясы қылмыстық құқық бұзушылыққа басқа сыбайлас қатысушыларға қатысты қылмыстық істі алдыңғы қарауға қатысқан болса, ол тиісінше апелляциялық және кассациялық сатыдағы сотқа қатыса алмайды.
      8. Қарсылық бiлдiру қылмыстық процестің кез келген сатысында судьяның іске қатысуын болғызбайтын мән-жайлар туралы белгілі болғанда мәлімделуге тиіс.
      9. Судьяға қарсылық бiлдiру, сондай-ақ қарсылық бiлдiрiлуге жататын сот талқылауына қатысушылар туралы мәселенi сот кеңесу бөлмесiнде қаулы шығару арқылы шешедi.
      10. Судьяға мәлiмделген қарсылық бiлдiрудi қалған судьялар қарсылық бiлдiрiлген судьяның қатысуынсыз шешедi, ол судьялар кеңесу бөлмесiне кеткенге дейiн өзіне мәлiмделген қарсылық бiлдiру жөнiнде өзiнiң түсiнiктемесiн көпшiлiк алдында айтуға құқылы. Бiрнеше судьяға немесе соттың бүкiл құрамына мәлiмделген қарсылық бiлдiрудi сот толық құрамда көпшiлiк дауыспен шешедi. Дауыстар тең болған кезде судьяға қарсылық бiлдiрiлген болып саналады.
      11. Бұлтартпау шараларын қолдану немесе тергеу әрекеттерiн жүргiзу туралы өтiнiшхатты шешетiн, сондай-ақ шағымдарды осы Кодекстің 106-бабында көзделген тәртіппен қарайтын тергеу судьясына мәлiмделген қарсылық бiлдiрудi осы тергеу судьясы қаулы шығара отырып жеке-дара шешедi. Iстi осы Кодекстiң 52-бабының бiрiншi бөлiгiне сәйкес жеке-дара қарайтын судьяға мәлiмделген қарсылық бiлдiрудi сол соттың төрағасы немесе осы соттың басқа судьясы, ал олар болмаған жағдайда, жоғары тұрған соттың судьясы шешедi. Қарсылық бiлдiру туралы мәлiмдеме қанағаттандырылған жағдайда, қылмыстық iс, шағым не өтiнiшхат белгiленген тәртiппен басқа судьяның iс жүргiзуiне берiледi.
      12. Қарсылық бiлдiрудi қабылдамау немесе қанағаттандыру туралы қаулы шағым жасауға (прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға, наразылық білдіруге) жатпайды. Қаулымен келiспеу туралы дәлелдер апелляциялық шағымға, прокурордың өтінішхатына немесе сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхатқа, наразылыққа енгiзiлуi мүмкiн. (ҚР ҚІЖК-нің 87-бабы).
 
Кім соттың шешімінің, ұйғарымының, үкімі мен қаулысының көшірмелерін алуға құқылы?
Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасында үкiм жарияланғаннан кейiн – бес тәулiктен кешiктiрмей, ал көлемі үлкен болған кезде он бес тәуліктен кешіктірмей оның көшiрмесi сотталған адамға немесе ақталған адамға, қорғаушы мен айыптаушыға табыс етілуге тиiс. Үкiмнiң көшiрмесi процестің басқа қатысушыларына өтінішхат келіп түскен кезден бастап дәл сол мерзімде табыс етiледi. (ҚР ҚІЖК-нің 404-бабы).
Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасына сәйкес, сот отырысына келмеген тараптарға және іске қатысатын басқа тұлғаларға шешімнің көшірмелері шешім түпкілікті нысанда шығарылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, оның алынғанын тіркеуді қамтамасыз ететін байланыс құралдары пайдаланыла отырып, салып жіберіледі немесе беріледі. (ҚР АІЖК-нің 234-бабы).
 
Атқару парағының түпнұсқасын жоғалтқан жағдайда не істеу қажет?
Атқару парағының немесе сот бұйрығының төлнұсқасы (бұдан әрі – атқару құжаттары) жоғалған жағдайда шешім немесе сот бұйрығын шығарған сот өндіріп алушының арызы немесе сот орындаушысының ұсынымы, әділет органының өтінішхаты бойынша атқару құжаттарының телнұсқаларын бере алады.
Сот атқару құжатының телнұсқасын беру туралы арызды ол сотқа келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды және шешеді.
Атқару құжатының телнұсқасын беру туралы арыз іске қатысатын адамдарға отырыстың өткізілетін уақыты мен орны хабарлана отырып, сот отырысында қаралады, алайда олардың келмеуі телнұсқаны беру туралы мәселені шешуге кедергі болмайды. (ҚР АІЖК-нің 242-бабы).
 
Соттың шешімі қалай орындалады?
Соттың шешiмi заңды күшiне енгеннен кейiн атқару парағы жазылып беріледі.
Мүлiк тәркiленген, мемлекет кiрiсiне өндiрiп алынған, сондай-ақ қылмыспен келтірілген нұқсан өндіріліп алынған, алименттер өндіріліп алынған, тарапы мемлекет болып табылатын мертігуден немесе денсаулыққа өзге зақым келуден, асыраушысынан айырылудан келтірілген зиянның орны толтырылған жағдайларда, сот өз бастамасымен ол жазылып берілген күннен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірмей атқару құжатын аумағы бойынша тиісті әділет органына не жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына орындауға жібереді.
Атқару парағын (бұдан әрi – атқару құжаты) бiрiншi сатыдағы сот шешiм заңды күшiне енген немесе iс жоғары тұрған соттан қайтарылған күннен бастап үш жұмыс күні iшiнде жазып береді. Атқару құжаты судьяның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылатын электрондық атқару құжаты нысанында жазылып берілуі мүмкін. ҚР АІЖК-нің 241-бабы).
Сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) талап қою әрекет жасалған (әрекет жасаудан бас тартылған) күннен бастап немесе сот орындаушысының әрекет жасау уақыты мен орны туралы хабарланбаған өндіріп алушыға немесе борышкерге ол туралы белгілі болған күннен бастап он жұмыс күні ішінде сотқа беріледі. (ҚР ӘРПК-нің 136 баб 4 бөлігі)
 
Азаматтық іс бойынша дәлелдемелерді жинау міндеттері кімге жүктелген?
Әр тарап өзінің талаптары мен қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге, қорғану құралдарын пайдалануға, фактілерді растауға, оларға дау айтуға, процесті адал жүргізуге сәйкес келетін және іс жүргізуге жәрдемдесуге бағытталған дәлелдемелерді және дәлелдемелерге қарсы қарсылықтарды судья белгілеген мерзімдерде келтіруге тиіс.
Сот тараптар мен іске қатысатын басқа да тұлғаларға істі дұрыс шешу үшін қажетті қосымша дәлелдемелер беруді ұсынуға құқылы.
Іске қатысатын тараптар мен басқа да тұлғалар үшін дәлелдемелерді беру қиын болған жағдайда, бірінші сатыдағы сот олардың өтінішхаты бойынша оларға дәлелдемелерді талап етіп алдыруға жәрдем көрсетеді. (ҚР АІЖК-нің 7 тарауы, 72,73-баптары).
 
Сотта өзінің өкілі арқылы азаматтық істі жүргізуге бола ма?
Азаматтар өз істерін сотта жеке өздері немесе өкілдері арқылы жүргізуге құқылы. Азаматтың іске өзінің қатысуы оны бұл іс бойынша өкілінің болу құқығынан айырмайды.  Сенімхатқа, Қазақстан Республикасының заңнамасына, сот шешіміне не әкімшілік актіге негізделген істі сотта жүргізуге тиісті түрде ресімделген өкілеттіктері бар әрекетке қабілетті адам осы баптың үшінші бөлігіне сәйкес сотта өкіл бола алады. (ҚР АІЖК-нің 57-бабы).
 
Іс материалдарымен кім танысуға құқылы?
Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасында - жәбірленушінің немесе оның өкілінің ауызша немесе жазбаша өтінішхаты болған жағдайда, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам осы адамдарды іс материалдарымен немесе олардың танысқысы келген бір бөлігімен таныстырады. Азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер немесе олардың өкілдері, егер олар өтінішхатты мәлімдеген болса, іс материалдарының азаматтық талап қоюға қатысты бөлігімен танысады.
  1. Таныстыру осы Кодекстің 296-бабында көзделген тәртіппен жүргізіледі. (ҚР ҚІЖК-нің 295-бабы)
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам осы Кодекстің 295-бабының талаптарын орындай отырып, күдіктіге және оның қорғаушысына айыптаулар тізімін қоспағанда, тігіліп, нөмірленіп, іс парақтарының тізімдемесіне енгізіліп, байланып және тергеу органының мөрімен куәландырылып қойылуға тиіс қылмыстық істің барлық материалдарын ұсынады. Күдіктінің немесе оның қорғаушысының өтінуі бойынша танысу үшін заттай дәлелдемелер де ұсынылады және егер тергеу әрекеттерінің хаттамаларына қоса берілген болса, фонограммалар, бейнежазбалар, кинофильмдер, слайдтар, өзге де ақпарат жеткізгіштер тыңдатып-көрсетіледі. Күдіктінің немесе оның қорғаушысының өтінуі бойынша олар істің материалдарымен бірге немесе бөлек таныса алады. (ҚР ҚІЖК-нің 296-бабы)
Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында- іске қатысатын адамдардың іс материалдарымен танысуға, олардан үзінді көшірмелер жазып алуға және көшірмелер түсіруге; қарсылықтарын мәлімдеуге; дәлелдемелерді табыс етуге және оларды зерттеуге қатысуға; іске қатысатын басқа да тұлғаларға, куәларға, сарапшылар мен мамандарға сұрақтар қоюға; өтінішхаттар, оның ішінде талап қоюды қамтамасыз ету бойынша шаралар қолдану туралы, дәлелдемелерді қамтамасыз ету бойынша, қосымша дәлелдемелерді талап ету туралы, татуластыру рәсімдерін қолдану туралы өтінішхаттар беруге; сотқа ауызша және жазбаша түсініктемелер беруге; сот процесі барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерін келтіруге; іске қатысатын басқа да адамдардың өтінішхаттары мен дәлелдеріне қарсы болуға; сот жарыссөздеріне қатысуға; сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған жазбаша ескертпелер беруге; соттың шешімдеріне, ұйғарымдары мен қаулыларына шағым жасауға; Қазақстан Республикасының азаматтық сот ісін жүргізу туралы заңнамасында берілген басқа да процестік құқықтарды пайдалануға құқығы бар. Олар басқа адамдардың құқықтарын теріс пайдаланбай, олардың мүдделерін бұзбай, өздеріне тиесілі барлық процестік құқықтарды адал пайдалануға тиіс және істерді қарау мен шешу мерзімдерін қасақана созып жіберуге жол бермеуге тиіс. (ҚР АІЖК-нің 46-бабы).
 
Сот шығындары дегеніміз не?
Мемлекеттік бажды қайтару тәртібі "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) айқындалады.
Іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындарға:
      1) куәларға, сарапшыларға және мамандарға төленуге тиісті сомалар;
      2) тиісті орында қарап-тексеруді жүргізуге байланысты шығыстар;
      3) заттай дәлелдемелерді сақтауға байланысты шығыстар;
      4) жауапкерді және (немесе) баланы іздестіру бойынша шығыстар;
      5) іс бойынша жарияланым мен хабарландыруларға байланысты шығыстар;
      6) тараптарға және іске қатысатын басқа да тұлғаларға хабарлау және оларды сотқа шақыру бойынша шығыстар;
      7) тараптар мен үшінші тұлғалардың жол жүру және тұрғын үй-жайларды жалдау бойынша, олардың сотқа келуіне байланысты жұмсаған шығыстары;
      8) өкілдің көмегіне ақы төлеу бойынша шығыстар;
      9) сот өтелуге жатады деп таныған, оның ішінде тараптардың кейіннен сотқа жүгінген кезде дауды міндетті түрде сотқа дейін реттеу рәсімдерінде жұмсаған басқа да шығыстары жатады. (ҚР АІЖК-нің 108-бабы).
 
Заңда талап қоюды қамтамасыз етудің қандай шаралары көзделген?
Талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар:
      1) жауапкерге тиесілі және оның өзіндегі немесе басқа да тұлғалардағы мүлікке тыйым салу (банктің, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкі филиалының корреспонденттік шотындағы ақшаға және сауда-саттық ұйымдастырушылардың сауда жүйелерінде ашық сауда-саттық әдісімен жасалған репо операциялар бойынша нысана не клирингтік ұйымның (орталық контрагенттің) кепілдік немесе резервтік қорларына жарналар, сауда-саттық ұйымдастырушылардың сауда жүйелерінде ашық сауда-саттық әдісімен және (немесе) орталық контрагенттің қатысуымен жасалған мәмілелер бойынша қамтамасыз ету болып табылатын маржалық жарналар болып табылатын мүлікке, сондай-ақ жалақы сомалары түсетін банктік шоттардағы ақшаға тыйым салуды қоспағанда) болуы мүмкін.
      Міндетті зейнетақы жарналарына, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарына (олар бойынша өсімпұлдарға), зейнетақы активтері мен зейнетақы жинақтарына, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдеріне, мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін, банктік шоттардағы және (немесе) электрондық ақшаның электрондық әмияндарындағы жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерге, тұрғын үй төлемдеріне, тұрғын үй төлемдерін пайдалану есебінен жинақталған тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түріндегі тұрғын үй құрылысы жинақ банктеріндегі банктік шоттардағы ақшаға, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізу мақсатында жасалатын шарттар бойынша міндеттемелердің орындалмауы туралы істер бойынша сот шешімдері негізінде өндіріп алуларды қоспағанда, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге арналған жинақтар түріндегі екінші деңгейдегі банктердегі банктік шоттардағы ақшаға нотариус депозиті шарттарында енгізілген, "Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалған білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша ашылған банктік шоттардағы ақшаға, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтеріне, жеке сот орындаушысының өндіріп алушылардың пайдасына өндіріп алынған сомаларды сақтауға арналған ағымдағы шотындағы ақшаға, инвестициялық портфельді басқарушының орындалмаған міндеттемелері бойынша, осы инвестициялық портфельді басқарушы клиенттерінің ақшасын есепке алуға арналған банктік шоттардағы ақшаға, номиналды ұстаушы функцияларын жүзеге асыратын тұлғаның орындалмаған міндеттемелері бойынша, осы номиналды ұстаушы функцияларын жүзеге асыратын тұлға клиенттерінің ақшасын есепке алуға арналған банктік шоттардағы ақшаға, қаржы құралдарымен жасалатын мәмілелер бойынша клирингтік қызметті жүзеге асыру үшін банктік шоттардағы ақшаға, сондай-ақ әлеуетті өнім берушілердің немесе өнім берушілердің "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік сатып алуға қатысу шеңберінде қамтамасыз ету шаралары ретінде ақша енгізуіне арналған мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың банктік шотындағы ақшаға тыйым салуға жол берілмейді.
      Шет мемлекеттiң Қазақстан Республикасының және оның меншiгiнiң юрисдикциялық иммунитетiн бұзуынан келтiрiлген залалдарды өтеу туралы талап қоюлар бойынша шет мемлекеттің корреспондентік шотында Қазақстан Республикасының аумағында тұрған ақшаға тыйым салуға жол берiледi.
      Жауапкерге тиесілі және банктегі, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалындағы ақшаға тыйым салу түріндегі талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымда тыйым салу қолданылатын ақша сомасы көрсетілуге тиіс. Тыйым салу қолданылатын ақша сомасын талап қоюдың бағасын негізге ала отырып сот айқындайды.
      2) жауапкерге белгілі бір әрекеттерді жасауға тыйым салу;
      3) басқа тұлғалардың орындау мерзімі жеткен міндеттемелер бойынша мүлікті жауапкерге беруіне немесе заңда немесе шартта көзделген өзге де міндеттемелерді жауапкерге қатысты орындауына тыйым салу;
      4) мүлікті тыйым салудан босату туралы талап қою берілген жағдайда мүлікті өткізуді тоқтата тұру;
      5) мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының дауланып отырған құқықтық актісінің (қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі өз құзыреті шегінде қабылдаған, қаржы нарығындағы қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиялардың және (немесе) оларға қосымшалардың қолданысын тоқтата тұру және (немесе) олардан айыру, қаржы ұйымдарын консервациялауды жүргізу жөніндегі құқықтық актіні, оның жазбаша нұсқамаларын, сондай-ақ қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі өз құзыреті шегінде қабылдаған, қадағалап ден қою шараларын (қадағалап ден қоюдың ұсынымдық шараларынан басқа) қолдану жөніндегі, "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес банкті, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалын өз депозиторлары мен кредиторларының мүдделеріне қатер төндіретін және (немесе) қаржы жүйесінің тұрақтылығына қатер төндіретін қаржылық жағдайы орнықсыз банктердің, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктері филиалдарының санатына жатқызу туралы, банкті, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалын төлемге қабілетсіз банктердің, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктері филиалдарының санатына жатқызу және оларға реттеу шараларын қолдану туралы құқықтық актіні қоспағанда) қолданысын тоқтата тұру;
      6) борышкер сот тәртібімен даулайтын атқарушылық құжат бойынша өндіріп алуды тоқтата тұру;
      7) кепіл нысанасын соттан тыс сату жөніндегі сауда-саттықтарды тоқтата тұру;
      8) дауланып отырған актілерді және сот орындаушысының өндіріп алуды мүлікке айналдыруға байланысты атқарушылық іс жүргізуде жасайтын әрекеттерін тоқтата тұру болуы мүмкін.
      2. Қажетті жағдайларда сот осы Кодекстің 155-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген мақсаттарға сай келетін, талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі өзге де шараларды қабылдауы мүмкін. Сот талап қоюды қамтамасыз етудің бірнеше шараларын қабылдауы мүмкін. Осы бапта көрсетілген тыйым салулар бұзылған кезде кінәлі адамдар заңдарда белгіленген жауапты болады. Бұдан басқа, талап қоюшы талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымды орындамаудан келтірілген залалдарды осы адамдардан сот тәртібімен өндіруді талап етуге құқылы.
      3. Талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар талап қоюшының мәлімдеген талабына сай болуға және үшінші тұлғалардың жария мүдделері мен мүдделерін бұзбауға тиіс. (ҚР АІЖК-нің 156-бабы).
 
 
Талап арыз беру. Азаматтық істердің сотта қаралуы
Облыстық және оған теңестіріліген соттарда:
- аудандық және оған теңестірілген соттардың шығарылған шешімдеріне апелляциялық шағымдар және наразылықтар келтіргенде;
- апелляциялық сатыдағы соттың шығарған қаулылары мен ұйғарымдарына кассациялық шағымдар мен наразылықтар келтіргенде,  азаматтық істер қаралады.
Жоғарғы Сот жергілікті және басқа да соттардың заңды күшіне енген сот актілеріне Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының өтініштері, наразылықтары бойынша қадағалау тәртібімен азаматтық істерді қарайды.
 
Талап арыз қандай соттарға беріледі?
Талап жауапкердің тұрғылықты жері бойынша сотта қойылады. Заңды тұлғаға талап заңды тұлға органының орналасқан жері бойынша қойылады
 
Талапкердің таңдауы бойынша соттың қарауына жатқызу қандай жағдайларда көзделген?
1. Тұрғылықты жері белгісіз не Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері жоқ жауапкерге талап қою оның жылжымайтын мүлкінің орналасқан жері бойынша немесе оның ең соңғы белгілі тұрғылықты жері бойынша берілуі мүмкін.
      2. Заңды тұлғаға талап қою оның мүлкінің орналасқан жері бойынша да берілуі мүмкін.
      3. Заңды тұлға филиалының немесе өкілдігінің қызметінен туындайтын талап қою филиалдың немесе өкілдіктің орналасқан жері бойынша да берілуі мүмкін.
      4. Талап қоюшы әке болуды анықтау туралы және алименттерді өндіріп алу туралы талап қоюларды өзінің тұрғылықты жері бойынша беруі мүмкін.
      5. Мертігуден немесе денсаулығының өзге де зақымдануынан, сондай-ақ асыраушысының қайтыс болуынан келген зиянды өтеу туралы талап қоюларды талап қоюшы өзінің тұрғылықты жері бойынша немесе зиян келтірілген жер бойынша бере алады. Өмірге және (немесе) денсаулыққа келтірілген зиян үшін белгіленген тәртіппен жауапты болып танылған заңды тұлға таратылған жағдайда талап қоюлар тиісті бюджеттік бағдарлама әкімшісінің орналасқан жері бойынша беріледі.
      6. Орындалатын орны көрсетілген шарттардан туындайтын талап қоюлар шарттың орындалатын орны бойынша да берілуі мүмкін.
      7. Некені бұзу туралы талап қоюлар талап қоюшының тұрғылықты жері бойынша онымен кәмелетке толмаған балалары бірге тұрған жағдайда берілуі мүмкін.
      8. Қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа заңсыз тартудан, процестік мәжбүрлеу шараларын не әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларын заңсыз қолданудан бұзылған мүліктік және мүліктік емес құқықтарды қалпына келтіру туралы талап қоюлар талап қоюшының тұрғылықты немесе орналасқан жері бойынша берілуі мүмкін.
      9. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы талап қоюлар талап қоюшының тұрғылықты жері не шарттың жасалу немесе орындалу орны бойынша берілуі мүмкін.
      10. Кемелердің соқтығысуынан келтірілген залалдарды өтеу туралы, сондай-ақ теңізде көмек көрсеткені және құтқарғаны үшін сыйақы өндіріп алу туралы талап қоюлар жауапкердің немесе кеме тіркелген порттың орналасқан жері бойынша берілуі мүмкін.
      11. Сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемін өндіріп алу туралы талап қоюлар талап қоюшының тұрғылықты жері бойынша не жауапкердің орналасқан жері бойынша берілуі мүмкін.
      12. Бірнеше жауапкерге талап қоюлар талап қоюшының таңдауы бойынша жауапкерлердің бірінің тұрғылықты немесе орналасқан жері бойынша берілуі мүмкін.
      13. Осы Кодекстің 31-бабында белгіленген соттылықты қоспағанда, осы бапқа сәйкес іс соттылығына жататын бірнеше соттың арасынан таңдау жасау талап қоюшыға тиесілі. (ҚР АІЖК-нің 30-бабы).
 
 Ерекше соттылық қандай жағдайларда қарастырылады?
1. Жер учаскелеріне, ғимараттарға, үй-жайларға, құрылыстарға, жермен тығыз байланысты басқа да объектілерге (жылжымайтын мүлік) құқықтар туралы, жылжымайтын мүлікті тыйым салудан босату туралы, кепілге салынған жылжымайтын мүлікке өндіріп алуды қолдану, жылжымайтын мүлік кепілінің шартын тоқтату не жарамсыз деп тану туралы талап қоюлар осы объектілердің орналасқан жері бойынша беріледі.
      Егер жылжымайтын мүлік объектілері әртүрлі елді мекендерде орналасқан болса, талап қою объектілерінің бірінің орналасқан жері бойынша сотқа беріледі.
      Егер жылжымайтын мүлік объектілері бір елді мекеннің аумағында орналасқан болса, талап қою объектілерінің бірінің орналасқан жері бойынша сотқа беріледі.
      2. Мұра қалдырушының кредиторларының мұрагерлерге, өсиетті орындаушыға (мұраны сенімгерлікпен басқарушыға) талап қоюлары баптың бірінші бөлігінде белгіленген қағидаларға сәйкес мұраға қалдырылған мүлік орналасқан жердегі соттың қарауына жатады.
      3. Мұрагерді лайықсыз мұрагер деп тану, мұраны иесіз деп тану, мұраны қабылдау, мұрадан бас тарту үшін мерзімді ұзарту немесе қалпына келтіру туралы талап қоюлар мұраның ашылған жері бойынша беріледі.
      4. Жүктерді, жолаушыларды немесе багажды тасымалдау шарттарынан туындайтын тасымалдаушыларға талап қоюлар тасымалдаушының (көлік ұйымының, жеке кәсіпкердің) орналасқан жері бойынша сотқа беріледі.
      5. Қазақстан Республикасының юрисдикциялық иммунитетiн және оның меншiгiн шет мемлекеттiң бұзуынан келтiрiлген залалдарды өтеу туралы талап қоюлар, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, сотқа талап қоюшының орналасқан жерi бойынша беріледі. (ҚР АІЖК-нің 31-бабы).
 
Бірнеше жауапкерлерге бағытталған талап арыздар қандай сотта қаралады?
Әр жерде тұратын немесе орналасқан бірнеше жауапкерге талап талапкердің таңдауымен жауапкердің біреуі тұратын немесе орналасқан жері бойынша қойылады.
 
Талап арыздың нысаны мен мазмұны қандай болу керек?
1. Талап қою жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында бірінші сатыдағы сотқа беріледі.
      2. Арызда:
      1) талап қою берілетін соттың атауы;
      2) талап қоюшының тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), оның туған күні, тұрғылықты жері, жеке сәйкестендіру нөмірі, ал егер талап қоюшы заңды тұлға болса, онда оның толық атауы, орналасқан жері, бизнес-сәйкестендiру нөмiрi мен банктік деректемелері; егер арызды өкіл берсе, өкілдің атауы мен оның мекенжайы көрсетілуге тиіс. Арызда, егер бар болса, талап қоюшы мен өкілдің ұялы байланысының абоненттік нөмірі мен электрондық мекенжайы туралы мәліметтер көрсетілуге тиіс;
      3) жауапкердің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), оның тұрғылықты жері, жеке сәйкестендіру нөмірі (егер ол талап қоюшыға белгілі болса), егер жауапкер заңды тұлға болса, онда оның толық атауы, орналасқан жері, банктік деректемелері (егер олар талап қоюшыға белгілі болса) мен бизнес-сәйкестендiру нөмiрi (егер ол талап қоюшыға белгілі болса). Арызда, егер талап қоюшыға белгілі болса, жауапкердің ұялы байланысының абоненттік нөмірі мен электрондық мекенжайы туралы мәліметтер көрсетілуге тиіс;
      4) азаматтың құқықтары мен бостандықтарын немесе талап қоюшының заңды мүдделерін және талап қоюшының талаптарын бұзудың немесе бұзу қаупінің мәні;
      5) талап қоюшы өзінің талаптарын негіздейтін мән-жайлар, сондай-ақ осы мән-жайларды растайтын дәлелдемелердің мазмұны;
      6) егер бұл заңда белгіленсе немесе шартта көзделсе, жауапкерге жүгінудің сотқа дейінгі тәртібін сақтау туралы мәліметтер;
      6-1) тарап (тараптар) қабылдаған, татуласуға бағытталған әрекеттер туралы мәліметтер, егер мұндай әрекеттер қабылданған болса;
      7) егер талап қою бағалауға жатса, талап қоюдың бағасы, сондай-ақ өндіріп алынатын немесе дауланатын ақшалай сомалардың есебі;
      8) талап қоюға қоса берілетін құжаттардың тізбесі көрсетілуге тиіс.
      3. Прокурор мемлекеттік немесе қоғамдық мүдделер үшін берген талап қоюда мемлекеттік немесе қоғамдық мүдденің мәні неден көрінетіндігіне негіздеме, қандай заңды мүдделердің бұзылғаны, сондай-ақ қолдануға жататын заңға сілтеме болуға тиіс. Прокурор жеке не заңды тұлғаның мүдделері үшін өтініш жасаған жағдайда, талап қоюда жеке не заңды тұлғаның өзінің талап қоюды беруі мүмкін еместігінің себептеріне негіздеме болуға тиіс. Талап қоюға, әрекетке қабілетсіз тұлғаның мүдделері үшін талап қоюды беру жағдайларынан басқа кезде, прокурордың талап қоюмен сотқа жүгінуіне жеке не заңды тұлғаның немесе оның заңды өкілінің келісімін растайтын құжат қоса берілуге тиіс.
      4. Талап қоюға талап қоюшы немесе талап қоюға қол қоюға өкілеттігі болған кезде оның өкілі қол қояды. Талап қою электрондық құжат нысанында берілген кезде ол талап қоюшының немесе оның өкілінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады. (ҚР АІЖК-нің 148-бабы).
 
Талап арызға қандай құжаттар тіркелу қажет?
1. Талап қоюға:
      1) жауапкерлер мен үшінші тұлғалардың саны бойынша талап қоюдың және оған қоса берілген құжаттардың көшірмелері;
      2) мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат;
      3) өкілдің өкілеттігін куәландыратын сенімхат немесе өзге де құжат;
      4) талап қоюшы өзінің талаптарын негіздеген мән-жайларды растайтын құжаттар;
      5) дауды сотқа дейін реттеу тәртібінің сақталғанын растайтын құжаттар, егер осы тәртіп заңда белгіленсе немесе шартта көзделсе;
      5-1) тараптың (тараптардың) татуласуға бағытталған әрекеттерді жасағанын растайтын құжаттар, егер мұндай әрекеттер жасалған болса;
      6) егер дәлелдеме жауапкерде немесе үшінші тұлғада болса, талап қоюшының дәлелдемелерді талап ету туралы өтінішхаты;
      7) егер талап қоюды заңды тұлға берсе, жарғының, мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің немесе анықтаманың көшірмелері қоса беріледі.
      1-1. Осы Кодекстің 27-бабының 1-2-бөлігінде көзделген тәртіппен берілетін талап қоюға:
      1) инвестор мен уәкілетті мемлекеттік орган арасында жасалған инвестициялық келісімшарттың көшірмелері;
      2) инвестордың инвестициялық қызметін растайтын құжаттар қоса беріледі.
      2. Электрондық құжат нысанында берілетін талап қоюға осы баптың бірінші бөлігінің 2) - 7) тармақшаларында көрсетілген құжаттардың электрондық нысандағы көшірмелері қоса беріледі. (ҚР АІЖК-нің 149-бабы).