Сот жүйесінде заманауи технологиялардың қолданылуы бойынша дөңгелек үстел өткізілді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау
Жамбыл облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «Сот жүйесінде заманауи технологиялардың қолданылуы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
Іс шараға судьялар Л.Ильясова, С.Төлесбай, кеңсе меңгерушісі І.Утеулин,  сот қызметкерлері, мемлекеттік айыптаушы Т.Жолдасбаев және Жамбыл облыстық адвокаттар алқасының адвокаттары К.Калиев пен В.Сергеев қатысты.
Баяндамашы ретінде судья Л.Ильясова сөйледі: «Сот жүйесінде заманауи технологияларды ендіру мен қолдану сот ісін жүргізуді оңайлатады, сот жүйесі қызметкерлерінің азаматтармен байланысын қысқартады, бұл сыбайлас жемқорлыққа бейімін төмендетуге жәрдемдеседі.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарында қойылған тапсырмаларды іске асыру мақсатында, сондай-ақ халыққа сот жүйесінің ашықтығы мен қол жетімділігі үшін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Жоғарғы Соттың интернет-қоры арқылы сот ақпаратына қол жеткізуді қамтамасыз ететін жаңа электрондық қызметтерді шығарды, олар: «Сот кабинеті», «Сот құжаттарымен танысу», «Соттың шақыру қағазы» сервистері, «СМС хабарлама», «Сот отырыстарын дыбыс-бейне құрылғыларымен жазу», «Гибридті электрондық пошта», «Бейнеконференция байланыс жүйесі».
Сотқа келіп түскен арыздар, интернет арқылы түскен электронды арыздар және басқа да құжаттар электрондық кәртішкелерге тіркеледі. Тіркелген арыздарға тіркеу талоны беріледі. Процеске қатысушы азаматтың ұялы телефон нөміріне немесе электрондық пошта мекен-жайына электронды хабарламалар (SMS-хабарлама) мен шақыртулар жолданады.
Ұялы байланыстың абоненттік нөміріне немесе электрондық пошта мекен-жайына жіберілген хабарламаларда істің нөмірі, логині және паролі көрсетіледі. Логин мен парольді пайдалана отырып, сот процесіне қатысушы тараптар іс бойынша www.sud.kz сайтынан «Сот құжаттарымен танысу» модулінде іске қатысты барлық мәліметтермен таныса алады. Ал «Сот кабинеті» сервисімен ғаламтор арқылы сотқа электрондық түрде арыз, сот актілерін беру туралы, сот мәжіліс хаттамасымен таныстыру туралы арыз, электрондық үндеулер бере алады. Ол келіп түскен арызды қараудың уақытын қысқартады. Бұдан басқа, сот кабинеті арқылы үйден шықпай-ақ мемлекеттік баж салығын төлеуге, істердің қарау тізімін, сотқа шақыру туралы хабарламаларды алуға, сот істерін іздеуге, сот отырысының хаттамасына ескертпелер жіберуге мүмкіндік бар. Осы электрондық сервисті қолдана отырып, сот отырысының қатысушылары олайн режимінде қылмыстық сот істерін, олардың реквизиттері бойынша іздей алады, олармен таныса алады, әр-түрлі іс-жүргізу сұрақтары бойынша шығарылған құжаттарды көріп және баспаға шығарып алуға мүмкіндік бар. Алайда, электрондық іс жүргізуге қатысу үшін электронды цифрлық қолтаңба болу қажет, оны Халыққа қызмет көрсету орталығынан немесе Жоғарғы Соттың сайтында тапсырыс беретін сілтеме арқылы алуға болады. Жаңа технологиялардың қолдану аясы кеңейіп келе жатыр, ақпараттық сервистерді және оларды пайдалану механизмдерін жетілдіру жүргізілуде. Бұл жетілдірудің мақсаты – сот ісін жүргізудің ашықтығы мен қол жетімділігі», деп атап өтті.
Талқылау барысында дөңгелек үстелдің қатысушылары заманауи ақпараттық коммуникациялық техникамен соттарды қамтамасыз ету бойынша қолға алынған іс-шаралар бірінші кезеңде сот ісін жүргізетін қатысушыларға және халыққа арналған максималды ашық обьективті сот талқылауын қамтамасыз етуге бағытталғанын, сот ісін жүргізуде қатысатын, сот жүйесінде ақпараттық технологияларды кең түрде қолданатын тұлғалар электрондық сот ісін жүргізуді дамытуға өз үлестерін қосады, істерді қарау ыңғайлы, сапалы және жедел түрде болады, деп атап өтті.
Іс шараға қатысушылар заманауи технологиялардың қолданылуы аясында пікір алмасып, судья Л.Ильясова тақырып аясында туындаған барлық сұрақтарға жауап берді.
                                                                       
Қайнар: Жамбыл облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі