Тараз қаласы №2 сотында «Сот ісін жүргізу тілі» тақырыбында семинар сабағы өткізілді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау
Семинарға Тараз қаласы №2 сотының судьялары қатысты.
Семинар сабақ барысында Тараз қаласы №2 сотының судьясы Н.Дауылбаев сот ісін жүргізу тілі туралы өз баяндамасында, Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабына сәйкес Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды.
Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолдану сот процесіне қатысушы адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің құқықтық кепілі болып табылады.
Қазақстан Республикасында сот ісі қазақ тілінде жүргізіледі, қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған жағдайларда басқа да тілдер қолданылады.
Басқа тілдерді қолдану қажеттілігіне белгілі бір тілде процестік әрекеттерді жасау мен шешімдерді қабылдау сот ісіне қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын барынша қамтамасыз ететін мән-жайлар жатады.
22 желтоқсан 2016 жылы Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотымен «Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолданудың кейбір мәселелері туралы» №13 нормативтік қаулы қабылданған. 
Қылмыстық-процестік кодекс және нормативтік қаулының сот ісін жүргізу тіліне қатысты негізгі қағидалары:
1. ҚР ҚПК-тің 322-бабының 2-бөлігінің 10-тармағында басты сот талқылауын тағайындау туралы қаулыда сот ісін жүргiзу тiлі туралы шешiм қамтылуы тиіс.
2. ҚР ҚПК-тің 30-бабына сай Қазақстан Республикасында қылмыстық сот iсiн жүргiзу қазақ тілінде жүргiзiледi, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған кезде басқа тiлдер де қолданылады.
3. ҚР ҚПК-тің 76-бабының 2-бөлігіне сай, кәмелетке толмағандар болып табылатын немесе сот ісін жүргізу тілін білмейтін не өзінің дене немесе психикалық жағдайы бойынша өз құқықтары мен заңды мүдделерін өз бетінше қорғау мүмкіндігінен айырылған жәбірленушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін процеске міндетті түрде қатысуға олардың заңды өкілдері мен өкілдері тартылады.
Мұндай жағдайларда жәбірленушінің өкілі ретінде жәбірленуші не оның заңды өкілі таңдаған адвокат жіберіледі. Егер адвокатты жәбірленушінің өзі немесе оның заңды өкілі шақырмаса, қылмыстық процесті жүргізетін орган адвокаттардың кәсіби ұйымы немесе оның құрылымдық бөлімшесі үшін міндетті қаулы шығару арқылы адвокаттың қатысуын қамтамасыз етеді. Қылмыстық процесті жүргізетін орган қорғаушы ретінде нақты адвокатты шақыруды ұсынуға құқылы емес.
4. ҚР ҚПК-тің 304-бабының 4-бөлігіне сай, егер айыпталушы не жәбірленуші сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүзеге асырылған сот ісін жүргізудің таңдалған тілін білмесе, айыптау актісі олар білетін тілде табыс етіледі.
5. ҚР ҚПК-тің 304-бабының 4-бөлігіне сай, егер үкім сотталушы (ақталушы) бiлмейтiн тiлде жазылса, онда аудармашы үкімнің жария етілу барысында оны сотталушының ана тiлiне немесе ол бiлетiн басқа тiлге iлеспе түрде дауыстап аударуға тиiс.
6. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 6 желтоқсан 2002 жылғы N 26 «Қорғану құқығын реттейтін қылмыстық іс жүргізу заңнамасын қолдану тәжірибесі туралы» нормативтік қаулысының 21-тармағына сай, сотталушыны (ақталғанды) өзі білетін тілде үкімнің (қаулының) көшірмесін алу, сот отырысының хаттамасымен танысу және оған ескертпелер беру, басқа процеске қатысушылардың шағымдарымен (наразылықпен) танысу және оларға қарсылық беру құқықтарынан айыру, олардың шағымдары мен қарсылықтарын қабылдаудан заңсыз бас тарту - қорғану құқығын бұзушылық болып табылатынын соттар назарларында ұстаулары қажет.
7. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының 22 желтоқсан 2016 жылғы №13 «Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолданудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 11-тармағына сай, істер бойынша қабылданған процестік құжаттар сот ісін жүргізу тілінде жасалатынын айтты.
Сонымен қатар, бүгінде қазақ тілінің қарқынды дамуы жөнінде айтылып, қазіргі кездегі сот өндірісіне түсетін қазақ тіліндегі қылмыстық істердің санының артқандығы атап көрсетті.
Семинар сабағының соңында қатысушылар  аталған тақырып бойынша өзекті мәселелерді талқылап, өзара пікір алмасты.
 
Қайнар: Тараз қаласы № 2 сотының баспасөз қызметі