Ар-намысы мен қадір-қасиетті қорғау

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Мемлекет азаматтың ар-намысын, қадір-қасиетін қорғайды. Заңмен тек үлкеннің ғана емес, кішінің де (баланың) ар-намысы, қадір-қасиеті қорғалады.

Еліміздің заңдарымен ар-намысты және қадір-қасиетті қорғау әртүрлі заң салаларымен қамтылған.

Қылмыстық кодекстің 129 және 130 баптарымен жала жабу және қорлауға байланысты қылмыстық жауапкершілік қаралған. 

Азаматтық кодекстің 143 бабында қамтылған жолдармен, әрбір азамат өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді сот тәртібімен теріске шығаруды талап етуге құқылы. Осы аталған баптың ережелері заңды тұлғалардың да іскерлік беделіне нұқсан келтіруге байланысты істерді шешуге де қолданылады. Осы тұрғыдағы істерді шешуге негіз ететін дәлелдемелерді келтіру ерекшеліктері аталған заңда қаралған.

Азаматтардың және ұйымдардың (заңды тұлғалардың) ар-намысына және абыройына кір келтіретін мәліметтерді тарату деп мына жағдайлар танылады: баспа жүзінде жарияланған, радиомен, теледидардан, жалпы басқа да бұқаралық құралдарды пайдалану арқылы хабарланған, қызметтік, партиялық және басқа да мінездемелерде, арыздарда, әртүрлі ұйымдарға жолданған хаттарда көрсетілген, көпшілік алдында сөйлеу кезінде, лауазымды адамдарға, немесе басқада, оның ішінде бір немесе бірнеше адамға ауызша айтылған мәліметтер.

Жеке адам туралы ондай мәлімет тек сол адамның өзіне ғана айтылса, ондай әрекеттерді кір келтіретін мәліметтерді тарату деп есептеуге болмайды.

Қоғам немесе жеке азаматтардың заңдарды сақтау, моральдық принциптерді орындау туралы көзқарастары бойынша ұйымдар мен азаматтар жөніндегі шындыққа жатпайтын мәліметтер олардың ар-намысына және абыройына кір келтіретін мәліметтер деп есептелінеді (мәселен, арамдық істерді, отбасыда, еңбек ұжымында тәртіпсіздік жасады деген, мекеме жөнінде өндіріс-шаруашылық жұмысын жаман атты ететін мәліметтер).

Сонымен қатар тұрмыста, ұжымда, қоғам орнында, жұмыста болған көпшіліктер туралы айтылған сын мәліметтер шындыққа жатса талапкердің ондай мәліметтерді теріске шығару туралы қойылған талабын негізді деп есептеуге болмайды.

Ар-намыс деген - азаматтың рухани және әлеуметтік сапасының биіктігі, қоғам бағасы.

Абырой деген - өз рухани байлығын, рухани санасын, қоғамдағы маңыздылығын, орнын адамның өзінің іштей бағалауы.

Жұмыскерлік атақ деген - адамның іскерлік (өндірістік мамандылық) беделдеріне қоғам пікірі бойынша дұрыс берілген баға.  

            Ар-намысқа және абыройға кір келтіретін мәліметтер шындыққа жатпайтыны анықталған жағдайда, ол мәліметтердің таратылуына кінәсі болмаса да, оларды теріске шығару міндеті жауапкерге жүктеледі.

            Соттың биліктерінде, үкімдерінде, тергеу органдарының қаулыларында және басқа да ресми құжаттарда көрсетілген мәліметтерді теріске шығару туралы талаптар заң жүзінде шағым бойынша басқа тәртіппен қаралатын болғандықтан, ондағы мәліметтерді Қазақстан Республикасы азаматтық істер жүргізу кодексінің 24-бабында және азаматтық кодекстің 143-бабында көзделген тәртіппен қаралмайды.

Егерде жариялауда аты-жөні көрсетілмеген, оның мағынасында кім жөнінде айтылып тұрғаны анық көрініп тұрса, сонымен қатар кір келтіретін мәлімдеме сол әулеттің қайтыс болған мүшесі жөнінде немесе заң жүзінде мұрагерге жататын жақын туысы жөнінде болса, мүдделі адам азаматтық істер жүргізу кодексінің 8-бабы бойынша сот арқылы ар-намысты және абыройды қорғау туралы талап қоюға құқылы.

Азаматтың ар-намысына немесе қадір-қасиетіне кір келтіретін мәлімдеме кәмелетке толмаған немесе заң жүзінде қабілеті жоқ деп танылғандар жөнінде таратылған болса, олардың заңды өкілдері ар-намысты және абыройды қорғау жөнінде талап қоюға құқықты (мысалы, бала қылып алушы, қамқоршы, тәрбиеші) немесе прокурор.

Азаматтық кодекстің (141-бабы 3-тармағы және 143-бабы 1-тармағы) талаптары бойынша таратылған мәлімдеменің шындығын дәлелдеу жауапкерге жүктеледі.

Талапкер талап арызында көрсеткен жауапкердің өзі жөнінде жалған мәліметті таратқанын ғана дәлелдеуге міндетті. Сонымен қатар ол ар-намысына және абыройға кір келтіретін мәлімдеменің жалған екендігін анықтайтын дәлелдер келтіруге құқылы.

Егер де дәлелдер жеткіліксіз болса, сот жақтарға қосымша дәлел келтірулеріне ырық береді немесе оларды өз ынтасымен алдырады.

Егер де талапкердің дауласып отырған мәлімдемесі аппарат агенстводан немесе ресми түрде жаппай хабарлау құралдарынан, жиналыстарда сөйленген әлде автордың сөзінен алынып эфирге шықса, соттар азаматтық істер жүргізу кодексінің (50 және 51-баптары) талаптарына сәйкес іске жауапкер ретінде, жаппай хабарлау мекемесімен қатар, сол мәлімдеменің шыққан қайнары болған мекемені немесе жеке адамды жауаптылыққа тартуы мүмкін.

Мұндай жағдайда таратылған мәлімдеме шындыққа жататындығын аталған мекеме және жеке адам дәлелдеуге міндетті.

Ар-намысқа және абыройға кір келтірген мәлімдеменің баспада немесе басқаша түрде хабарланғаны (радио, теледидарда, т.б.) сот билігімен жалған деп табылса бұл теріске шығару туралы мәлімдемені оны жариялаған баспа немесе жаппай хабарлау мекемесі жасайды.

Соттың шешіміне қайшы келетін өз талқысын іс бойынша жауапкер болған жаппай хабарлау мекемесі хабарлауы тиіс емес.

Ар-намысты және абыройды қорғау туралы талабымен бірге талапкер одан келтірілген мүлік зиянды және рухани зиянды өндіру туралы талап қоюға құқы бар.

Б.Манкетегі, Тараз қалалық сотының судьясы