Жариялылық - Сот ісінің негізгі қағидаты// Құлан таңы газеті № 78-79 18.09.2015, Т.Рысқұлов аудандық сотының судьясы С.Узбеков

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Жариялылық – іс жүргізу кодекстерінде сот ісін жүргізудің негізгі қағидаты болып бекітілген. Бұл қағидатты талқылау кезінде негізгі назар сот ғимаратына қол жетімдік, іс жүргізудің және сот отырысының ашықтығына бөлінеді.

Менің ойымша, судьялардың және БАҚ-тың өкілдерінің көңіл аударатын тағы да бір мәселе, ол – мемлекеттік органдар жүйесінде соттардың алатын орны, соттың мәртебесі, тұрғындардың сот қызметкерлеріне көзқарасы, халықтың сотқа деген сенімі. Сотқа деген көзқарас, сенімділік және оған деген құрмет, бұл – сот ісін жүргізудегі ашықтық қағидатын тиімді қолданудың көрсеткіштері.

Сот шешімдері, сот жүйесінің жұмысы, соттардың жұмыстары жөнінде халыққа ақпарат берудің өз ерекшеліктері бар. Судьялардың шығарған шешімдеріне, оның іс әрекеттеріне сын айтылады. Көптеген жағдайларда бұл сындар өз ойларынан шығарылып, ешқандай да дәлелдемесіз болып келеді.

Бұл біздің қызметіміз туралы ақпараттардың жеткіліксіздігінен туындайды. Егерде негізсіз тағылған сынның мән-жайын анықтап теріске шығармаса, жұртшылықта қате пікір қалыптасады.

Қоғамдық пікір тудырған және басқа да істер бойынша шығарылған сот актілері туралы ел арасында дұрыс пікір қалыптасу үшін біздің қатысуымызбен байсалды да, ұдайы ақпарат берілуі қажет.

БАҚ - баспасөз, радио, теледидар барлық жұртшылыққа кез келген ақпаратты жеткізе алады және оған мүмкіндігі орасан зор. БАҚ біздің одақтастарымыз десе де болады, өйткені кәсіби тұрғыдан қарағанда  мақсаттарымыз ұқсас, ол - біздің қызметіміздің жариялылығы, жұмысымыздың ашықтығы, адамгершілік  қағидаттарын  басшылыққа алатынымыз.

БАҚ-тың да, біздің де халық алдындағы ең басты мақсатымыз бір, ол - азаматтардың құқығы мен бостандығының  бұзылмауын, қоғамдағы процестердің өрбуін қадағалау. БАҚ - әлеуметтік бақылау жасаса, судьялар сот бақылауын жасау керек.

Елбасы өзінің «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Сот жүйесі іс жүзінде ашық және қолжетімді, қарапайым және барлық дауды тез шеше алатындай болуға тиіс. Барлық құқық қорғау жүйесі жұмысының сапасын арттыру қажет», - деп атап өткен болатын.

Бүгінгі күні сот жүйесінің ашықтығы мен қол жетімділігін қамтамасыз ету мақсатында, түрлі бағдарламалар мен жобалар жасалуда. Соның бірі - Электронды бақылау өндірісі. Бұл қызмет - сот отырысына қатысушыларына пароль беру арқылы сот істері бойынша ақпарат алу үшін және іс бойынша барлық сот актілерімен танысуға мүмкіндік жасайды.