"Заң үстемдік етеді" Талас аудандық сотының судьясы Б. Жармухамбетовтың "Талас тынысы" газетіндегі мақаласы № 103 02.09.2015 ж.

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Біздің Ата Заңымызда мемлекеттің ең басты байлығы адам екендігі тайға таңба басқандай жазылған. Сондықтан да Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев өзінің әрбір тапсырмаларын экономика мен әлеуметтік саланы адамның қажетіне  қызмет етуге бейімдеп отырады.

Оған биыл ғана жария еткен «100 нақты қадам - Ұлт жоспары» атты бағдарламасы айқын дәлел. Байқап отырсаңыз,  Елбасы кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыра отырып, заңның үстемдігін  қамтамасыз ету  мәселесін екінші өзекті мәселе ретінде қарастырған.

Бағдарламалардағы 16-34 қадамның әрбірінде адамның құқын қорғау, оның еркін өмір сүруінде құқық қорғау органдарының  жауапкершілігін арттыру, ол үшін азаматтардың сот төрелігіне  қол жетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыру, бес сатылы сот жүйесінен үш жүйелі сот жүйесіне  көшу тәртібін енгізу нақтылануда. Судья лауазымына іріктеу қатаңданады, олардың халық алдында есеп беру тәртібі  күшейтіледі,  барлық сот процесіне бейне және таспаға жазу шарттары белгіленген.  Алқа билердің де мәртебелері күшейтілмек.

Адамның және азматтардың Конституциялық құқығын шектейтін барлық тергеу қызметі  жөніндегі өкілеттікті тергеу судьясына  біртіндеп беру қамтамасыз ету арқылы сотта айыпталушы мен қорғаушы арасынлағы теңгерім қамтамасыз етілмек.

Сот процестерін оңайлату және сот процестерін жеделдету  үшін азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі соттарға прокурордың қатысуы қысқартылмақ.

Қысқасы, Елбасы ұсынған 100 қадамында азаматтардың құқығын қорғаудың жаңа жүйесі өмірге енгізілмек.

Мысалы 19-қадамда: «Судьялардың есеп беру тәртібін күшейту. Судьялардың жаңа этикалық кодексін жасау, соның негізінде азаматтар судьялардың әрекеттері бойынша еліміздің Жоғарғы Сотының жанынан құрылған арнайы Сот алқасына шағымдана алатын болуы керек» делінген.

Яғни, жұмыс істеп жүрген судьяларға қатысты талап күшейеді. Судьялардың жаңа Әдеп кодексі әзірленеді, сондай-ақ азаматтардың судьялардың іс-әрекетіне қатысты Сот алқасына шағымдану мүмкіндіктері артады.

Сот жюриінің құрамында біліктілік комиссиясы мен тәртіптік комиссияны құру жоспарланып отыр. Жаңғыртылған алқаның құзырына жұмыс істеп жүрген судьяларға олардың қызметінің алғашқы бес және он жылы аяқталған кездері, сондай-ақ жоғарғы сатыдағы соттың лауазымына жарияланған конкурсқа қатысуы барысында кәсіби баға беру мәселелері кіреді. Осылайша, бұл судьялардың біліктілік деңгейін тексерудің тікелей құралына айналады. Бұл мемлекеттік қызметтегі меритократия принципіне толық сәйкес келеді.

20-қадамда. Барлық сот процестеріне бейне және таспаға жазу шараларын міндетті түрде енгізу. Судьяның бейне жазуды тоқтатуға немесе аудио жазу материалдарын редакциялауға мүмкіндігі болмауы тиіс,  деген талап бар.

Бүгінгі таңда 1 364 сот залының 555-і аудиобейнетіркеудің жаңа құрылғыларымен жарақтандырылған. Ал, Астана мен Алматы қалаларының соттары 100 пайызға қамтылған. Біздің Талас аудандық сотында да бұл тәсіл енгізіліп, өзінің тиімділігін көрсетуде.

Судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің жазбаны тоқтатуын немесе аудиобейнетіркеу материалдарын редакциялауын болдырмау мақсатында АБТ-ның бағдарламалық қамту жүйесі жетілдірілуде.

Сондай-ақ, 22-қадамда: «Адамның және азаматтардың конституциялық құқын шектейтін барлық тергеу қызметі жөніндегі өкілеттілікті тергеу судьясына біртіндеп беруді қамтамасыз ету арқылы сотта айыпталушы және қорғаушы арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету» туралы талап та адамның құқығын қорғауға негізделген.

Сот бақылауын күшейту шеңберінде тергеу судьясына бірқатар қосымша функциялар беру көзделуде. Бұл қарауға, алуға, тінтуге және жеке тінтуге санкция беру. Қазіргі таңда тергеу судьялары сегіз процессуалдық әрекетке санкция береді.

26-қадамдағы: «Сот ресімдерін оңайлату және сот процестерін жеделдету үшін азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі соттарға прокурордың қатысуын қысқарту. Азаматтық іс жүргізу кодексіне тиісті өзгертулер енгізу» туралы ұстаным да жаңа бастама.

Мемлекеттің мүддесі қозғалатын жағдайда соттың немесе прокурордың бастамасы бойынша, өзін дербес қорғауға мүмкіндігі жоқ азаматқа қатысты және адамдардың кең тобының қоғамдық мүддесін қорғау қажет болған жағдайда ғана прокурордың сот ісіне міндетті қатысуын сақтау көзделеді. Бұл, мәселен, азаматтардың еңбек, тұрғын үй құқықтарының жаппай бұзылуы, еңбек ұжымдарының қатысуымен болатын даулар және т.б. Бұл жаңашылдықтар азаматтық сот ісін жүргізудің диспозитивтілігін күшейтуге бағытталған. 

Қысқаша айтқанда, Елбасының 100 қадам жөніндегі бағдарламасындағы заң үстемдігі туралы бөлімі адамдардың құықтарын қорғауға бағытталған и онда кейбір сәттерді қазірдің өзінде сот процесінде, қызметімізде пайдаланып жүрміз. Демек, заңның үстемдігі, ашықтығы жүзеге аса бастады деген сөз. 

Мақаланың көшірмесі