"Тергеу судьясының өкілеттіктері" Сарысу аудандық сотының судьясы Ж. Бекееваның "Сарысу" газетіндегі шыққан мақаласы, № 86, 22.08.2015 ж.

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

          Осы жылдың қаңтар айынан бастап қолданысқа  енген  жаңа Қылмыстық-процестік кодексте жаңалық көп. Кодекске алғаш рет енгізілп отырған тергеу судьясы қылмыстық сот өндірісінің сапасын жақсартуға айтарлықтай көмегін тигізіп, азаматтарымыз бен қоғамымыздың және мемлекетіміздің мүддесін сотта  қорғау жүйесін халықаралық қалыпқа жақындата түсті деуге болады.

       Заң қабылданар тұста бұл лауазымның қандай міндеттер атқаратыны, оларға қандай жауапкершілік жүктелетіні, мақсаты не екені  жан-жақты талқыланғанмен, алғашқы қадамды бастау кез келген сотқа оңай түспегені анық, себебі жаңа істі ақ парақтан бастау үлкен жауапкершілікті талап етеді.

       Тергеу судьясы қылмыстық іздестіру органдарының лауазымды тұлғалары мен прокуратура тарапынан салғырт  қараушылыққа тосқауыл қою мақсатында енгізілді.

       Тергеу судьясы – қылмыстық іске байланысты әділ сот төрелігінің жүзеге асуының тағы бір кепілдігі. Жаңа Қылмыстық процестік кодекстің мақсаты – әділ сот төрелігі, үкім, қаулы, басқа да сот шешімдерінің заңды әрі негізгі болуын қамтамасыз ету. Осы ретте қылмыстық істі қараудағы сатылылықты қатаң сақтау саясаты жалғасын тауып отыр. Тағы бір ерекше айтарлығы, қылмыстық процесте айыптаудан қорғау фунциясы жаңа әрі терең мазмұнмен жаңартылып отыр. Алғаш рет барлық сотқа дейінгі және сот кезіндегі қылмыстық іс үрдістеріне қорғаушы адвокаттың міндетті түрде қатысуы айқындалды.

      Осылайша қылмыстық істің деңгейі  жоғарылаған сайын адвокаттың оған қатысуының  қажеттілігі мен маңыздылығы арта түседі. Қорғаушы  адвокат өзінің еншісіне тиіп отырған құқықтарды жауап алушылар, тергеушілер, олардың әкімдік жетекшілері, процесуалдық прокурор, прокуратура басшысы мен тергеу судьясымен тең дәрежеде қолданады.  

           Тергеу судьясының өкілеттігі Қылмыстық-процестік кодекстің 55-бабында тергеу судьясының  сотқа дейінгі тергеп- тексеру жұмыстары барысында кездесетін кемшіліктерді жою үшін бірнеше өкілеттік  берілген. Ендігі жерде  күзетпен ұстау, үй қамақта ұстау, лауазымнан уақытша шеттету, жақындауға тыйым салу, экстрадициялық  қамақ мерзімдерін  ұзарту, кепілді қолдану, мүлікке тыйым салуды санкциялау  тергеу судьясының құзыретіне берілген. Сондай-ақ, күзетпен ұсталынатын адамды сот психатриялық және /немесе/ сот-медициналық  сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыру, бұрын өзіне қатысты күзетпен  ұстау қолданылған адамның психикалық ауру фактісі анықталған  кезде оны ауруларды қатаң оқшаулау жағдайында ұстауға  лайықталынған психиатриялық көмек көрсететін арнаулы медициналық ұйымға ауыстыру, мәйітті  эксгумациялау, күдіктіге, айыпталушыға халықаралық іздеу жариялау секілді міндет те тергеу судьясына жүктелген.

Сарысу аудандық сотында осы жылдың 8 ай ішінде тергеу судясымен аудандық прокурор қолдаған, аудандық Ішкі істер бөлімінің тергеушілерінің күдіктілердің қатысында бұлтартпау шарасы ретінде оларды «күзетпен ұстау» және «күзетпен ұстау» мерзімін ұзарту туралы 27 ұсыныс қаралды.  Бүгінде жаңа заңнаманы негізге алған тергеу судьясы өз қызметін сапалы жүзеге асыруда.