Сыбайлас жемқорлықпен күресуді күшейту

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Бәрімізге мәлім, Қазақстан Республикасының № 267 «Сыбайлас жемқорлыққа күрес туралы» Заңы 1998 жылы 2 шілдеде қабылданған болатын.

Заңның мақсаты - азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiнен туындайтын қауiп-қатерден Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау, олардың жолын кесу және ашу, олардың зардаптарын жою және кiнәлiлердi жауапқа тарту арқылы мемлекеттiк органдардың, мемлекеттiк мiндеттердi атқаратын лауазымды және басқа да адамдардың сондай-ақ оларға теңестiрiлген адамдардың тиiмдi қызметiн қамтамасыз етуге бағытталған және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестiң негiзгi принциптерiн айқындап, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың түрлерiн, сондай-ақ жауаптылықтың пайда болу жағдайларын белгiлейдi. Осы Заң сол сияқты демократиялық негiздердi, мемлекеттi басқарудағы жариялылық пен бақылауды кеңейтуге халықтың мемлекет пен оның құрылымдарына деген сенiм нығайтуға, бiлiктi мамандарды мемлекеттiк қызметке кiруге ынталандыруға, мемлекеттiк мiндеттердi атқаратын адамдардың риясыз адалдығы үшiн жағдайлар жасауға да бағытталған.

          Бұл заңның ерекшелігі - билік басындағы лауазым иелерінің қызмет бабын жеке басының мақсаттарына пайдалануына, келеңсіз әрекеттеріне тосқауыл қою болып отыр. Лауазым иесінің қызметтік міндетіне жатпайтын әрекеттер, мысалы, жеке тұлғаның немесе заңды тұлғаның, үшінші бір адамның пайдасына бағытталған іс-әрекеттер қылмыстық белгі құрамауы мүмкін. Сондай жағдайда келеңсіз қылығы әшкере болған лауазым иесі аталған заң негізінде жауап береді. Мемлекеттің мүддесіне, халықтың мемлекетке, заңдарымызға деген сеніміне нұқсан келтіретін лауазым иесінің теріс әрекеті жазасыз қалмау керек.

          Жалпы, біздің ел - ТМД елдерінің ішіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы арнайы заң қабылдаған бірінші және бірден-бір мемлекет. Мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмыстарының нысандылығы мен тиімділігі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері Елбасының жеке бақылауында тұрғандығына негізделген. Сыбайлас жемқорлықтың өзекті мәселелері, оның пайда болуы, онымен күрес жүргізудің қылмыстық-құқықтық құралдары қызу пікір таластарын туғызу үстінде. Сыбайлас жемқорлық қылмыстары сияқты қоғамға қауіпті іс-әрекеттер мемлекетіміздің басқару жүйесіндегі сәйкесті буындарды тұншықтырып, олардың қалыпты, заңды қызмет жасауына кедергі келтіреді. Ал, іс жүзінде бірқалыпты дұрыс қызмет атқаратын мемлекеттік органдардың қызметі ғана қоғамның экономикалық дамуына, оның мүшелерінің құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге қабілетті. Осыған орай мемлекеттік басқару жүйесін қорғау, оған қылмыстық қол сұғуды болдырмау ең маңызды мәселе болып табылады. Өйткені мемлекеттік аппарат қоғамды басқару жүйесінің қажеттілігі, басқару жүйесіндегі әр түрлі процестердің реттеушісі болып табылады. Жалпы сыбайлас жемқорлықпен күресу жеке адамдардың немесе жекелеген топтың ғана емес мемлекеттік органдардың, мемлекеттік қызметкерлердің, тұтастай қоғамның басты міндеті мен борышы. Осыны шынайы орындау үшін әрбір лауазым иесі өзінің жан-дүниесін ұдайы таза, адал ұстауы тиіс. Сонда ғана олар қарапайым халықтың сенімін ақтап, қоғамның тежеусіз дамуына үлес қосқан болар еді.

          Сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу - мемлекеттік органдардың, мемлекеттік қызметкерлердің, тұтастай қоғамның басты міндеті мен борышы, осы кеселге қатаң бағытталған мемлекеттік бағдарлама жоғары деңгейдегі жауаптылықпен іске асырылуы тиіс.

Ал, биылғы жылдың мамыр айында Елбасымыз кеңейтілген Үкімет отырысында 5 институционалды реформа «100 нақты қадам» ұлт жоспарын жария етті. «100 нақты қадам» ұлт жоспары еліміздің жаңа тарихи жағдайда 30 дамыған елдің құрамына ену жоспарына айналады. Аталған жоспар түбегейлі және ауқымды өзгертулер енгізуге бағытталған «100 нақты қадам» аясындағы реформаларды жүзеге асыру  мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыру мен халыққа адал және тиімді қызмет етуге бағдар алған мемлекеттік аппарат құруды көздеп отыр.

«100 нақты қадам» жоспарына сәйкес сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту жөнінде айтатын болсақ, Мемлекет басшысының саясатына сәйкес Агенттік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасаған адамдардың лауазымы мен мәртебесіне қарамастан, жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ету жөнінде жүйелі шараларды қолдануда. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықты ескерту және оның алдын алу бойынша жұмыстың күшейтілуіне көп назар аударылады.

Жалпы, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру жылдамдығы, көбінесе дұрыс басқарушылық шешімдерден тәуелді, өйткені  мемлекеттік қызмет – еліміздің серпінді дамуының елеулі құрамдас бөлігі.
Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң қабылданғаннан кейін қазіргі уақытта жұмыс істеп жатқан мемлекеттік қызметшілерді кешенді аттестаттау өткізілмек. Ол қызметшілердің кәсіби құзыреттілік пен жеке қасиеттер деңгейін жаңа талаптарына сәйкестігін анықтау қажеттілігімен негізделген және реформа жағдайында мемлекеттік аппаратының кадрлық әлеуетін  әділдікпен бағалап, тиімді пайдалануға жәрдемдеседі. Бұл өз күшіне сенетін және мансапқа жетуге талпыныс білдіретін адамдарға жақсы мүмкіндік, өйткені алдағы аттестаттаудың негізгі мақсаттардың бірі жоғары жеке әлеуеті бар ең қабілетті мамандарды іздеу болып табылады. Оның нәтижелерінің негізінде жеке жұмыстың жоспарларына, оқыту және біліктілікті арттыру бағдарламаларына түзету енгізіледі.
Жалпы алғанда аталған шаралар өз кезегінде үздік халықаралық тәжірибеге сай кәсіби мемлекеттік аппарат құруға ықпал жасайды.