Судьялыққа кандидаттарға арналған ЖАДЫНАМА

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы
Судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптар
 Аудандық соттың судьясы болып:
1) отыз жасқа толған;
2) жоғары заң бiлiмi, жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттері, мiнсiз беделі бар;
3) заңгерлік кәсібі бойынша кемiнде бес жыл жұмыс өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматы тағайындала алады.
 
Судьялыққа біліктілік емтиханын тапсыру үшін қажетті құжаттар тізбесі
Судья қызметіне біліктілік емтиханын қабылдау туралы өтінішті өтініш беруші Комиссияға қолма-қол тапсырады немесе тапсырысты хатпен
Жоғары Сот Кеңесі
010000, Нұр-Сұлтан қаласы,
Мәңгілік Ел даңғылы 8,
Министрліктер үйі, 1В кіреберіс мекенжайы бойынша жібереді.
Құжаттар тізімі:
 
№ п/п
Құжат
Ескертпе
  1.  
Қатысушының өтініші (сауалнамасы)
 
Өтініш беруші бекітілген нысаны бойынша толтырылған өтінішті Комиссияға қолма-қол немесе хатпен жібереді.
  1.  
Жеке куәліктің көшірмесі
 
  1.  
Еңбек кітапшасының көшірмесі
Нотариалды түрде немесе жұмыс орны бойынша кадр қызметімен куәландырылады.
  1.  
Жоғары заңгерлік білімі туралы дипломның және оған қосымшаның көшірмесі
Нотариалды түрде куәландырылады.
  1.  
Қызметтік мінездеме
Бірінші басшының немесе оның міндетін атқарушы тұлғаның қолы, ұйымның мөрі қойылады.
Мінездемеге оның берілген күні мен шығыс тіркеу нөмірі қойылады.
Дәлелді себептермен мінездемені ұсыну мүмкін болмаған жағдайда жазбаша түсініктеме ұсынылады.
Көрсетілген мәліметтер өзекті болған жағдайда мінездеме берілген күннен бастап бір жыл мерзімге жарамды.
  1.  
Денсаулық жағдайы туралы медициналық анықтама (№ 086 нысан)
Көрсетілген мәліметтер өзекті болған жағдайда мінездеме берілген күннен бастап бір жыл мерзімге жарамды.
  1.  
Психоневрологиялық және наркологиялық диспансерлерде есепке тұрмағаны туралы анықтамалар
Заңнамалық тұрғыда белгіленген тәртіпте беріледі.
Көрсетілген мәліметтер өзекті болған жағдайда мінездеме берілген күннен бастап бір жыл мерзімге жарамды.
Әскери қызметшілер, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, оның ішінде бұрынғы қызметкерлері үшін
  1.  
Әскери қызметтен, арнаулы немесе құқық қорғау мемлекеттік органдардан қызметтен босатылу себептері көрсетілген
қызметтік тізімінің көшірмесі
Кадр қызметімен куәландырылады.
Қызметтік тізімде кандидаттың әскери қызметтен, арнаулы немесе құқық қорғау мемлекеттік органдардан қызметтен босатылу себептері көрсетілмеген жағдайда  қосымша қызметтен босату туралы бұйрықтан үзінді ұсынылады.
 
Құжаттарды ресімдеу кезінде қандай да бір бүлінулерге және  түзетулерге жол берілмейді.
  Құжаттарда көрсетілген мәліметтердің толықтығы мен дұрыстығы үшін оларды жасаушыларға жауапкершілік жүктеледі.
Құжаттарды ресімдеу бойынша жоғарыда көрсетілген талаптар орындалмаған не олар толық болмаған жағдайда материалдар өтініш тапсырған адамға кері қайтарылады.
Біліктілік емтиханын тапсыруға рұқсат етілген, емтихан тапсыруға дәлелді себептерсіз екі рет келмеген және емтихан мерзімін ауыстыру туралы өтініш білдірмеген адамдарға құжаттары кері қайтарылады және емтиханды қайта тапсыруға рұқсат оларға кемінде алты ай өткеннен кейін беріледі.
       
Дәлелді себептерге мыналар жатады:
1)  біліктілік емтиханын тапсыруға рұқсат берілген адамның науқастануы, баласының науқастануы (емдеу мекемелерінің құжаттарымен,  анықтамаларымен расталған кенеттен науқастануы. Балаларының ұзақ және созылмалы сипаттағы аурулары дәлелді себептерге жатпайды);
2)   қайтыс болуы туралы куәлікпен расталған жақын туысының қайтыс болуы, оларға Қазақстан Республикасы Неке
(ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексінің 1-бабы 1-тармағының 13) тармақшасында көрсетілген адамдар жатады (жерлеу және өзге рәсімдерді өткізу үшін бір күннен жеті күнге дейінгі кезеңге);
3)   біліктілік емтиханын тапсыруға келуге кедергі келтірген форс-мажор жағдайлары (ҚР ІІМ органдарының немесе метеорологиялық қызметтердің анықтамаларымен расталған ауа-райы жағдайлары, әуежайлар, теміржол және автовокзалдар қызметтерінің анықтамалары);
4)   аттестаттау, іссапар (бұйрықтар көшірмелері);
5)   сот отырысына тарап, куә, үшінші тұлға ретінде қатысу (сот отырысына шақыру қағаздарының көшірмелері). Сот отырысына қорғаушы немесе сотта мемлекеттің мүддесін қорғайтын өкіл ретінде қатысу дәлелді себептерге жатпайды.
  
Біліктілік емтиханын тапсыру рәсімі мыналарды қамтиды:
психологиялық тестілеу;
заңнаманы білуін компьютерлік тестілеу;
жазбаша эссе;
сот практикасынан жағдайларды модельдейтін есептерді шешу (кейстегі есептерді шешу) негізінде үміткердің меңгерген білімін практикада қолдану қабілетін тексеру;
біліктілік емтиханы кезеңдерінің бірімен қатар болуы мүмкін Комиссия мүшелерімен әңгімелесу.
Үміткердің таңдауы бойынша біліктілік емтихан мемлекеттік не орыс тілінде өткізіледі.
Біліктілік емтиханның әрбір кезеңінде үміткердің басқаға көмек көрсетуге, оқу құралдарын, арнайы әдебиеттерді, ұялы телефондарды және басқа көмекші материалдар мен құралдарды пайдалануға жол берілмейді. 
Мұндай фактілер анықталған жағдайда Біліктілік комиссиясының төрағасы үміткерді емтиханнан босатады. Бұл жағдайда үміткер біліктілік емтиханын тапсыру үшін алты ай өткеннен кейін құжаттар ұсынуға құқылы.
 
Психологиялық тестілеу
Психологиялық тестілеу екі кезеңнен тұрады және психолог-мамандардың қатысуымен облыстық соттарда өткізіледі.
Психологиялық тестілеудің екінші кезеңіне бірінші кезеңнен ойдағыдай өткен үміткерлерге жол беріледі.
Психологиялық тестілеудің мақсаты – үміткердің судья ретінде жұмыс  істеу үшін қажетті жеке психологиялық ерекшеліктерін, сондай-ақ мұндай жұмысқа кедергі келтіретін факторларын анықтау болып табылады.
Судьялардың жеке, іскерлік және кәсіби қасиеттеріне қойылатын талаптар атап айтқанда:
1) тұрақты кәсіби мотивация (әлеуметтік маңызы бар себептердің басымдығы; ақиқатқа ұмытылу; әділеттілікке қол жеткізу; құқыққа қарсы жағдайларға қарсы тұру; заңның үстемдігін мүлтіксіз қорғау және қамтамасыз ету; өзінің кәсіби мүмкіндіктерін барынша толығымен іске асыру;  өз әріптестерінің арасында кәсіби бедел мен құрметке ие болу және т.б.);
2) жоғары адамгершілік қасиеттері (адалдық, табандылық, заңға бағынушылық, патриотизм, беделді болу, жауапкершілік, дербестік, ұстамдылық, адал ниеттілік, тәрбиелілік, әділеттілік, әдептілік, ар-ұждан, парасаттылық, қарапайымдылық, туралық (бейтараптылық), ізгілік, мінез-құлқының жоғары нормаға сәйкестігі, іскери бағыттылық);
3) эмоционалдық-ерікті тұрақтылығы (эмоционалдық ұстамдылық; төзімділік; еңбекке жоғары қабілеттілік, сонымен бірге эмоционалдық мазасыздық жағдайда да; өз эмоциясы мен іс-әрекетін өзінің-өзі бақылай алуының жоғары деңгейі; қайсарлық; тәртіптілік; әлеуметтік кемелдену; өз-өзіне сенімділік; үдемелі психикалық жүктеме кезінде төзімділік; әр түрлі жағдайда мақсатқа талпынушылығы мен еңбек өнімділігін сақтай білу қабілеті; қиындықтарды жеңуге дайындығы; сыртқы қысымға қарсы тұра білу қабілеті; стрес-факторларды көтере алуы; сабырлылық; аяқ астынан орын алған импульсивті реакцияны тоқтата алу қабілеті; жүйке жүйесінің дамыған бейімделу қасиеттері (байсалдылық, ширақтылық, белсенділік, жүйке процестерінің қозғалмалы болуы);
4) жоғары коммуникативтік  біліктілігі (вербалды және вербалды емес қарым-қатынас құралдарын, оның ішінде адамаралық қарым-қатынаста, сондай-ақ көпшілік алдында сөз сөйлеу кезінде де коммуникативтік ықпал ету құралдарын еркін меңгеру; адамдармен қарым-қатынас орната білу, іскерлік қарым-қатынас, әдептілік, тәрбиелілік, адамдарға ықыластылық білдіру, тілектестілік, әңгімелесушіні тыңдай біліп, оны түсіне алу, өзгелердің пікірін құрметтеу білу, шыдамдылық, түсіністік, жанжал жағдайларды шеше алу қабілеті, сөзінің сенімді болуы және тіл мәдениеті, сөздерінің қысқа болуы, олардың айқындылығы мен анықтылығы);
5) жоғары білім деңгейі (танымдық белсенділігінің, ақыл-ой жұмыс қабілетінің жоғары деңгейі; замануи білімнің қажетті көлемінің, дамыған ой өрісінің, эрудициясының болуы; ойлай алу, елестету, еске сақтау, қабылдау және тілімен жеткізе білуінің дамыған көрсеткіштері).
 
Компьютерлік тестілеу
Заңнаманы білуін компьютерлік тестілеу 11 құқық саласы бойынша 100 сұрақтан тұрады:
- Конституциялық құқық;
- Әкімшілік-деликтік құқық және процесс;
- Азаматтық құқық;
- Азаматтық процестік құқық;
- Қылмыстық құқық;
- Қылмыстық процестік құқық;
- Жер құқығы;
- Отбасылық құқық;
- Еңбек құқығы;
- Салық құқығы;
- Экологиялық құқық.
Заңнаманы білуін анықтайтын компьютерлік тестілеу Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанындағы «Мемлекеттік қызметтің персоналын басқару ұлттық орталығы» АҚ-да өткізіледі.
Тестілеу уақыты – 90 минут.
80 және одан да көп дұрыс жауап алған адамдар заңнаманы білу үшін компьютерлік тестілеуден өткен болып саналады.
Компьютерлік тестілеуден өткен тұлғаларға заңнаманы білуіне компьютерлік тестілеуді тапсыру нәтижелері туралы анықтама беріледі (Жоғары Сот Кеңесінің Регламентінің 1-2 қосымшасы).
 
Жазбаша эссе
Заңнаманы білуге арналған компьютерлік тестілеуді ойдағыдай тапсырған адамдар Жоғары Сот Кеңесіне эссе жазуға шақырылады.
Эссе берілген тақырып бойынша жазылады, ол ұсынылған нұсқаларды кездейсоқ іріктеу арқылы анықталады.
Эссе жазудың уақыты - 2 сағат. Эссе компьютерлік тәсілмен, көлемі 500 сөзден аспайтын, Microsoft word форматында, 14 мөлшердегі, Times New Roman қарпімен жасалады.
Бағалау парақтың белгіленген нысаны бойынша (Жоғары Сот Кеңесі Регламентінің 1-1 қосымшасы) эссе 7 негізгі критерий бойынша бағаланады.
Тақырыптың ашылуына қарай эссе жазу қорытындылары бойынша үміткерге 0-ден 5 баллға дейін беріледі.
 
Сот практикасынан жағдайларды модельдейтін есептерді шешу (кейс тапсырмаларын орындау) негізінде үміткердің меңгерген білімін практикада қолдану қабілетін тексеру
Жоғары Сот Кеңесінде өткізіледі.
Кейс тапсырмаларда сот практикасынан алынған мәселелер заңнаманы білуге компьютерлік тестілеуге енгізілген құқық салаларына негізделеді.
Кейс тапсырмаларын орындаудың алдында үміткерлердің таңдауына 3 пакет беріледі, олардың әрқайсысында емтихан билеттері бар.
Үміткер пакетті таңдап, оны ашқаннан кейін емтихан билетін бірнеше ұсынылған билет нұсқаларынан кездейсоқ таңдау арқылы анықтайды.
Кейс тапсырмаларын шешуге үміткерлерге 2 сағат беріледі.
Кейс тапсырмаларын шешу Microsoft word форматында,
14 мөлшердегі, Times New Roman қарпімен орындалады.
Кейс тапсырмаларын шешу кезінде үміткерлердің жауаптары қойылған сұрақ бойынша тиянақты, өздерінің ұстанымдарының егжей-тегжейлі және анық баяндалуы керек.
Үміткерге қойылған сұрақ бойынша тек қана өз пікірін білдіріп қысқа жауап беруге және шешімнің сипаттама бөлігінде тапсырма шартының мәтінін толық қайталануына жол берілмейді.
Бұл ретте емтихан билетінің бірінші кейс тапсырмасы бойынша жауап осы тапсырманың шарттарынан туындайтын сот актісінің жобасы түрінде жасалуға тиіс.
Кейс тапсырмаларын орындауды бағалауды Кеңес жанындағы Біліктілік комиссиясының құрамына кірмейтін судьялардан тұратын сарапшылық комиссия жүзеге асырады.
Үміткерге кейс тапсырмаларын шешуі бойынша бағасын сарапшылық комиссия мүшелері бес балдық шкала бойынша қояды. Әрбір тапсырма бойынша шешім белгіленген емтихан парағының үлгісіне (Жоғары Сот Кеңесі Регламентінің 2-қосымшасы) сәйкес
5 сұрақ бойынша бағаланады.
Үміткер шығарылған орташа бағаға қарай 0-ден 5 баллға дейін алады.
 
Кейс тапсырмаларын орындағаннан кейін үміткер Біліктілік комиссиясының мүшелерімен әңгімелесуге шақырылады.
Әңгімелесу барысында Біліктілік комиссиясының мүшелері үміткерге оның коммуникативтік және кәсіби дағдылары мен қасиеттерін анықтауға қатысты сұрақтар қояды. Сонымен қоса, үміткердің эссе жазу және кейс тапсырмаларын орындау нәтижелері бойынша сұрақтар қоюға болады.
Біліктілік комиссиясының мүшелері әңгімелесу барысында қоюы мүмкін сұрақтардың үлгі тізбесін осы Біліктілік емтиханын өту кезіндегі судьялық лауазымға кандидаттардан сұхбат алу әдістемесінің А қосымшасында (Жоғары Сот Кеңесі Регламентінің
2-2-қосымшасы) көрсетіледі.
Үміткермен әңгімелесу барысында аудио (бейне) жазу жүргізіледі.
Үміткермен әңгімелесудің қорытындылары бойынша бағаны Комиссия мүшесі Жоғары Сот Кеңесі бес балдық шкала бойынша әрбір үміткерге қатысты жеке қойылады.
Әңгімелесу барысында үміткердің әр жауабы 0-ден 2 баллға дейінгі шкала бойынша бағаланады.
Үміткер шығарылған орташа балға қарай 0-ден 10 баллға дейін алады.
Біліктілік комиссияның төрағасы қорытынды нәтижені шығару мақсатында үміткердің эссе жазу, кейс тапсырмаларын орындауы және Комиссия мүшелерімен әңгімелесуі қорытындылары бойынша алған балдарын қосады.
Эссе жазу, кейс тапсырмаларын орындау және Комиссия мүшелерімен әңгімелесу қорытындылары бойынша кемінде 
14 балл жинаған үміткерлер біліктілік емтиханын сәтті тапсырған болып есептеледі.
 
Үміткер компьютерлік тестілеу, жазбаша эссе, кейс тапсырмаларын орындау және Комиссия мүшелерімен әңгімелесу нәтижелеріне апелляциялық комиссияға шағымдануға құқылы. Апелляциялық комиссия Кеңестің тұрақты мүшелерінен Кеңес жанындағы Біліктілік комиссиясының құрамына кірмейтін академиялық қауымдастықтың өкілдерінен тұрады.
Үміткерлер компьютерлік тестілеу нәтижелерін алғаннан кейін немесе біліктілік емтиханнан өту нәтижелері жариялағаннан кейін 
3 жұмыс күні ішінде шағым береді.
Апелляциялық комиссия шағымды қарау нәтижелері бойынша екі шешімнің бірін қабылдайды:
1) шағымды қанағаттандырусыз қалдыру;
2) үміткердің шағымын қанағаттандыру және оны қайтадан тапсыруға жіберу.
Үміткер Қазақстан Республикасының заңнамасын білуін компьютерлік қайтадан тестілеуге және кейс тапсырмаларын шешуге бір рет қана жіберіледі.
         
Судья лауазымына біліктілік емтиханын тапсырған
тұлғаларды полиграфологиялық зерттеу
Біліктілік емтиханын ойдағыдай тапсырған адамдар психологиялық тестілеу нәтижелері ескеріле отырып, Кеңестің шешімі бойынша қосымша ақпарат алу және хабарланған мәліметтердің анықтығын тексеру мақсатында полиграфологиялық зерттеуден өтуге жіберілуі мүмкін.
 Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің аппараты оларға тиісті жолдама береді, жолдаманы алу үшін олар өзімен бірге жеке куәлігі мен 3,0 х 4,0 см. фотосуретін әкелуге тиіс.