«Сот жүйесіне оң өзгерістер әкеледі» Талас аудандық сотының төрағасы Ж. Жұмабековтың «Талас тынысы» газетіндегі мақаласы 15.08.2015 жылғы № 95-96

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

       Бүтін ел болып мемлекетіміздің жарқын болашағы үшін үлкен іске қызу кірісетін сәт  туды.  Ол - Елбасы  Н.Ә.Назарбаевтың әлемдік дағдарысқа қарсы біртұтас   болып көрсетуде баламасы жоқ, кеуделі, дәлелі тұжырымды,  ұстанымы кесімді 5 халықтық бағыттан  тұратын ұлттық жоспары.  Бұл-тәуелсіздіктің аз ғана жылында  көптеген мемлекеттер жете алмаған   биік белестерді еңсерген  Қазақстанның әлемнің алдыңғы  қатарлы 30 елінің қатарына   қосылу үшін жасаған ғасырлық межесі.

 

     Ұлттық жоспар - ұлт пен ұлыстарды ұйыстыратын, біріккен саусақ пен иліккен  иненің көзінен өтетін  өткір де ұтқыр идеяға құрылған ортақ іс екеніне  ешкімнің шүбәсі жоқ. Ондағы көрсетілген 100 қадам – Көк туымыздағы  тармақталған сәуле секілді әр тарапқа нұрын төккен  Мәңгілік Елдің аспандаған адымы. Нұрсұлтан Назарбаевтың  нұрлы жолы - мәңгілік тақырыпқа  құрылған нақты идеясы.  Ұлт жоспарына қатысты  мемлекет басшысы: «Бұл 100 қадам жаһандық және ішкі сын қатерлерге  жауап болмақ,  сонымен бір мезгілде жаңа тарихи жағдайда 30 дамыған  елдің құрамына ену жоспарына айналады. Ал реформаларды жүзеге асыру –алдағы 10 немесе 15 жылға негізделген жалпыұлттық  нөмірі бірінші мақсат-міндет болып табылады», -деді.

     Елбасы ұсынған 5 институционалдық реформа жалпыжұрттық деңгейде бірден қолдау тауып, халықтық реформа деген лайықты атқа ие болды.  Бұл жаңа Ұлттық жоспардың көкжиегі кең, маңызы мен нәтижесі орасан зор екенін айғақтайды. Қазақ елі күн санап  көркейіп, дамып келе жатқаны ақиқат.  Елбасының реформалық бағдары және оның орындалу жолындағы тиянақты 100 қадамы еліміздің өсіп-өркендеуіндегі  тездеткіш катализатор іспетті.  Осы жүйелі жоспарда мемлекет тарапынан  халықтың рухани-мәдени дамуына да баса назар аударылған. «Қазақстан -2050» Стратегиясымен қоса, аталмыш реформалар арқылы біртіндеп қазақ елінің ұлттық идеологиясының құрағы құрақталып,ою-өрнегі нақышталып, қанық бояуы сіңе түспек. Жер картасындағы өзінше дара мемлекет, Азияның қақ ортасын жайлаған  батысында Еуропамен шектескен, Қазақстанның ұстанымы мен  дамуы да  өзгелерден ерек.  Біздің күш –халықта,оның-бірлігінде!

     Әлемнің алпауыт елдері осындай ұзақ мерзімді стратегиялық даму жүйелері арқылы үлкен жетістіктерге  қол жеткізген. Бұл –экономикалық өсудегі бірден-бір қағидат. «Мәңгілік Ел» Тұңғыш Президенттің жыл сайын Қазақстан халқына жасаған Жолдаулары – жарқын болашаққа,  дамыған елдердің қатарына енуге , қарқынды дамып, әлемнің озық технологияларын  игеріп, жаһандану  мұхитында  бәсекеге қабілетті болып, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарымызды сақтап, елдігімізді таныту жолындағы бағдаршам екені анық. «Егер ел өз бағыты мен баратын  айлағын білмесе, ешқандай жел оңынан соқпайды. « 2050»  Стратегиясы айқын  шамшырақ секілді басты мақсатымыздан көз жазбай, азаматтарымыздың күнделікті тіршілігінің мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.  Бұл біздің 30-50 жылда емес, жыл сайын халық тұрмысын жақсартатынымызды білдіреді», -деді бұл туралы Елбасы.

   Бес халықтық реформада көрсетілгендей, «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» - баршаға бірдей  осы заманғы мемлекеттің  ең қымбат қазынасы – адам болып саналатын ел үшін  алдымен халықтың жағдайына , халықтың әл-ауқатының тұрақтылығына  қызмет ететін мемлекетшіл ортаны қалыптастыруды білдіреді. Отаншыл,  психологиясы  мығым нағыз патриоттарды сомдап шығарудағы  алғышарт болмақ. Ал «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету»  арқылы азаматтардың  құқықтары мен бостандықтарын  қорғау  сот жүйесінің тәуелсіздігі  көптеген даулы мәселелерді шешпекші. Осы тұрғыда құқық қорғау мен   сақтандыру жұмыстары күшейеді деп жоспарланып отыр.

«Есеп беретін мемлекет  қалыптастыруда» Елбасының көздеп отырған нысанасы – халық мүддесі. Елмен санасу, кез-келген мемлекеттік шаруаны, мәселені шешуде  қараша халықпен ақылдасу, халыққа есеп беру , боямасыз нақты атқарылған жұмыстар,  болашаққа бағдар келешекте бүге-шігесіне дейін елдің назарында болмақ. Бұл таңдалып отырған бағыт  ішкі саясат құрудағы  тың тәсіл нағыз демократияға қарай  қарымды қадам болмақ.

  Президент Н.Назарбаев  5 институционалдық реформа  негізінде жүзеге асырылатын  мемлекетті әрі қарайғы дамытудың  100 нақты қадамынан құралған  Ұлт жоспары  Қазақстанның жаһандық және ішкі щақыртуларына , сондай-ақ, жаңа тарихи шарттар бойынша  дүние жүзінің озық елдерінің  қатарына қосылу жоспарына жауап беретіндігін  баса айтқанын атап өткеніміз жөн.

    5 институционалдық  реформа дегеніміз: қазіргі заманғы мемлекеттік аппаратты қалыптастыру,  заң үстемдігін қамтамасыз ету,  индустрияландыру және экономикалық өсім , болашағы біртұтас ұлт,  транспарентті және есеп беруші мемлекет.  Осы реформалар мен алға қойылған  мақсаттарды жүзеге асыру  үшін ел Президенті  100 нақты қадамды айқындап берді.  Заңдарды мүлтіксіз сақтаған  мемлекет қана өркен жайып,  гүлдене бермек. Президенттік реформада басты бағыттардың бірі ретінде  заң үстемдігіне басымдылық  беріліп отырғаны да сондықтан.

   Заңдар азаматтық  қоғамдағы басты   құндылықтарды қалыптастырушы  бірден бір абсалютті маңызды сипатқа  ие күш болуы тиіс.  Осы екінші  реформаның мазмұнына  сот жүйесін жетілдіру, полицияның қоғамның сеніміне ие болатындай  дәрежеде жұмыс жасауына  қол жеткізу елдің  әділ заңға деген сенімін арттыру енеді.  Мұның ең басты артықшылығы,  әлеуметтік әділетсіздіктерге  жол бермеу екендігін  айтып  өткім келеді.

  Демократиялық қоғамдағы   ең басты құндылық  адамның құқығы мен еркіндігі  болса,  оны жүзеге асырушы бірден-бір тетік - осы әділ заң мен құқық сақшылары.  Сондықтан бұл реформаның  еліміздің әрбір азаматына берері мол. Мұның еліміздегі құқықтың мәдениетті, құқықтық сананы  дамыған мемлекеттердегідей дәрежеге көтеріп, мемлекетімізді әрі қарай демократияландыра  түсудегі маңызы зор  дер едім.  Құқықтық мемлекетте адам заңға сенуі тиіс. Сондықтан заңдардың үстемдігінің артуы – адам құқықтарының негізгі орынға  шығуы деген сөз.  Құқықтық мемлекет теориясына  ерекше үлес қосқан француз ойшылы Жан Жак Руссо: «Еңкейген қариясынан, еңбектеген баласына дейін заңдар  деп аталатын қасиетті  қамытқа мойсұнып ғұмыр кешу - адам өмірінің жарты бақыты»,- деп тектен-тек айтпаса керек.  Бұл реформа демократиялық қоғамның  жоғары талаптарына  қарай көшетінімізді білдіреді.

    Сот жүйесінің басты проблемаларының  қатарында мемлекет басшысы судъяларды іріктеудің олқылығын, томаға тұйықтығын атады. «Бүгінде сот жүйесінің  әлсіз буыны –судьялар корпусы арасындағы сыбайлас жемқорлық  көріністеріне  жиі-жиі соқтырып жататын судьяларды іріктеу, судьяларға қойылатын біліктілік талаптарының тиімсіздігі. Судьялар корпорациямен  меңіреу тұмшаланбауы тиіс және қоғамдық сыннан тыс болмауы керек. Ашықтық-судьялар  қатарындағы жемқорлықты емдейтін дәрі»,- деп атап көрсетті Президент.  Сот саласында  туындап отырған барлық мәселелерді шешудің  нақты қадамы ретінде жеңілдету үшін сот жүйесін оңтайландыруды ұсынып отыр. Ендігі жерде  сот төрелігін атқарудың  бес сатылы жүйесінен(бірінші аппелляциялық, кассациялық, қадағалау) үш сатылы (бірінші, аппелляциялық, кассациялық) жүйеге көшірілуі жүзеге аспақ. Бұл - өте дұрыс бағыт. Тараптар бас-аяғы жоқ ұзақ соттаса бере алмайды.  Әр іс созбалаңға салынбай, нүкте қойылуы тиіс.  Ең бастысы, қандай да болмасын сот актісі заңды және әділ болуы керек.

     Кассациялық саты өкілеттіліктерінің Жоғары Сотқа берілуі  сот билігінің ең жоғарғы тұрған органын  кезекті сот сатысына  айналдырады.

    Судьялардың қатарына  кездейсоқ және осынау жоғары  лауазымға лайықты емес  адамдардың да өтіп кетіп жататындығы жасырын емес.  Мемлекет басшысы реформаны  жүзеге асыру жолындағы қадамдардың  бірі ретінде судьялық лауазымға кандидаттарды іріктеудің  талаптары мен механизмдерін  қатаңсытуды ұсынды.  Сот процестеріне қатысқан  жұмыс өтілінің  міндетті нормасы 5 жыл болып белгіленді.  Кәсіби дағдыларын біліктіліктерін  тексеру мақсатындағы  мерзімдік сынақтардан  өткізу жүйесі енгізіледі. Судьялыққа кандидаттар  соттарда шәкіртақы төленетін   жылдық тағылымдамадан өтеді. Осы тағылымдаманы аяқтағаннан кейін жылдық сынақ мерзімінен өтеді.

       Сонымен қатар, сот  өндірісіне қатысты  бес жылдық  жұмыс өтілі бар  тұлғалардың санатына сот қызметкерлерімен қатар, прокуратура қызметкерлері ,  адвокаттар да енгізілген.

      Судья – мәртебесі Конституциямен ерекше белгіленген  мемлекеттік лауазымдық тұлға. Оның өкілеттілігі тек заңда белгіленген негіздер бойынша ғана тоқталуы, тәуелсіздігі мен оған ешкімнің тиіспеуі  сот билігі дербестігінің  кепілі болып табылады. Судьяның осындай биік мәртебесі  оған зор жауапкершілік жүктейді.  Оның шығарған шешімі адамның тағдырына, елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіптің жағдайына ықпал етеді. Сондықтан, мемлекет нақты адамға осындай жоғарғы жауапкершілікті  арта отырып, соған лайықты биік мәртебе беріп, одан кәсібилікті, іскерлік қасиеттердің болуын, өзінің жұмысын ұйымдастыра білуді талап етеді, сондай –ақ оған жоғары моральдік-этикалық міндеттер жүктейді.

    Судья кәсіби қызметінде  тәуелсіз болып сот әділдігін  жүзеге асыру кезінде заңға ғана сүйенуі тиіс, шешім шығарған кезде адал әрі әділетті болуға міндетті. Судья әдебінің   кодексінде судья қоғам  өкілдерінің сот жүйесіне деген сенімін нығайту  мақсатында тәртіптің жоғары әдептік стандарттарын ұстануға және жетілдіріп отыруға  міндетті деп көрсетілген.  Мұның өзі жеке адамның,  қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғаудың үйлесімді  ұштасуын қамтамасыз ететін тәуелсіз сот әділдігін  жүзеге асырудың негізі қағидаларының  бірі болып табылады.

Мемлекет басшысы  соттардың тәуелсіздігін  нығайту қажеттігін әрдайым айтып келеді.

  Әлемдік экономикалық форумның  жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі рейтингінде «Соттардың тәуелсіздігі»  көрсеткіші бойынша  Қазақстан Республикасы позициясының  жақсаруы қазақстандық  сот жүйесі тәуелсіздігінің  индексін одан әрі арттыру, соттардың тәуелсіздігі индексін  жақсарту жөніндегі жұмыстың  халықаралық тәжірибесін  зерделеу, бизнес субъектілерінің құқықтары мен  заңды мүдделерін қорғау тетіктерін жетілдіру,  сот жүйесінің тәуелсіздігін  нығайту жөнінде бірқатар іс-шаралар қарастырылған.

  Мемлекет басшысы: «Шетелдік және отандық инвесторлар қазақстандық әділ соттың  адалдығына сенімді болуы тиіс», деп атап көрсетті. Бұл тұрғыда Президент  инвестициялық даулар бойынша  дербес сот өндірісін құруды ұсынды. Жоғарғы Сотта   ірі инвесторлардың қатысуымен дауларды қарайтын  инвестициялық алқа ұйымдастырылады.  Заң үстемдігі бизнесті қорғап, кәсіпкерлік қызметке жағдай туғызу үшін қажет.  Тұрақтылық ахуалы орнаған  құқықтық мемлекет  қана инвестициялар  үшін қолайлы бола алады.

    Ал,  Президентіміздің «100 нақты қадам» бағдарламасының жүзеге асырылуы бізді басты мақсатқа – экономикасы дамыған  және жалпыға бірдей  еңбек қоғамының  мүмкіндіктерін іске қосқан қуатты мемлекет негізінде  өркендеген  қоғам құруға жетелейді.  Мемлекет басшысы  қысқа мерзім ішінде еліміздің  әлемдік кеңістікте  қалыптасуы мен нығаюына  зор мүмкіндіктер жасады. Соны пайдаланып, алда тұрған ұшан-теңіз істерді еңсеруге бір кісідей жұмыла білейік демекпіз.

     Алдағы уақытта сот жүйесінің сатылап электрондық іс жүргізу тәсілі «Төрелікке» көшіп жатқанын сот жұмысының ашықтығын, халыққа қолжетімділігін жетілдіру мақсатында бүгінгі күні ғаламтормен «Сот кабинеті» сервис қызметі арқылы  үйде отырып–ақ сотқа тапсыратын құжаттарды жөнелтуге мүмкіндік бар екенін, түрлі себептермен сотқа жүгінулерін (арыздарын, талап-арыздарын, т.б) талаптарын электрондық тәсілмен жолдауға мүмкіндігі жоқ азаматтарға аудандағы халыққа қызмет көрсету орталығынан құжаттарды электрондық тәсілмен жолдау бойынша  көрсетілетінін, сонымен қатар, сот істері бойынша сот отырысының хаттамалары дыбыс–бейнежазбалары арқылы жазылып жатқанын да ескерткім  келеді.

  Сот ісін жүргізу саласын  реформалау мен сот органдарын жаңғырту бағытында жүзеге асырылып жатқан  шаралардың түпкі мақсаты – азаматтардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін сот арқылы қоғаудың тиімділігін арттыру. Отандық сот жүйесін одан әрі қарай жетілдіру, жергілікті   соттардың  рөлін арттыру, судьялардың  тәуелсіздігін жоғарылату – басты назарда. Жүргізіліп жатқан  реформалар адал, әділ, өз ісіне  қалтықсыз берілген, заңдылықты сақтаудың озық үлгісін көрсеткен судьяларды қорғау жағдайларын қарастырады, сонымен қатар, өз ісіне немқұрайлы қарайтын, Судьялар әдебі кодексін, заң талаптарын бұзуға жол беретін судьяларға жауапкершілікті қатаңдатады.

    Елбасымыз «Нұр Отан» партиясының ХVI съезінен   бастау алып,  Ұлт жоспары - 100  нақты  қадам бағдарламасына ұласқан сот жүйесін  одан әрі жетілдіру  бойынша алға қойған міндеттерін жүзеге асыру  еліміздің сот төрелігін  әлемдік биік деңгейде атқаруға қабілетті, біліктілігі жоғары судьяларды  дайындау және іріктеу  ісіне серпін береді. Бұл ел дамуының  қазіргі тарихи кезеңіндегі   сот төрелігін сапалы атқарудағы  сот жүйесіндегі басым бағыттарының бірі болып табылады.

Жалғасы көшірмеде