Шетелдік судьялар кеңес береді//Жаңа өмір газеті № 92 04.09.2015, Жуалы аудандық сотының судьясы С.Арғымбаева, судья

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Отандық заңгерлер мен құқықтанушы ғалымдар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» стратегиялық бағдарламасы сот жүйесіндегі бірқатар олқылықтардың орнын толтырып, одан әрі дамуына жол ашады деп сенеді.  Елбасының сот саласына қатысты жүргізіп отырған реформалары жоғары деңгейде дамыған құқықтық жүйесі бар нағыз конституционалды мемлекет құруға септігін тигізеді.

Заңның үстемдігі — нығайған мемлекеттің кепілі. Сондықтан жаңа бағдарламаның құқықтық мемлекетті құрудағы маңызы зор.

Бағдарламадағы 18 қадам заңның үстемдігін қамтамасыз етуге арналса,  жетеуі полицияның жұмысын жетілдіруге, қалғаны сот жүйесін реттеуге бағытталған.

Бес институционалдық реформаның екіншісінде бес сатылы сот жүйесінен (бірінші, аппеляциялық, кассациялық, қадағалау және қайта қадағалау жасау) үш сатылы (бірінші, аппеляциялық, кассациялық) сот төрелігі жүйесіне өту қарастырылған. Судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктері көбейтіліп, біліктілік талаптары қатайтылады. Алқа билер соты қолданылатын салалар кеңейтіледі, Астанада AIFC халықаралық арбитраждық орталығы құрылмақ.

Елбасының сот жүйесінде жүргізіп отырған реформалары өте тиімді және болашақта өз нәтижелерін көрсетеді. Ұлттың дамыған мемлекеттер отыздығына кіруі жөніндегі Елбасы жоспары құқықтық жүйенің де жаңа тарихи жағдайларға сай жаңаруына жол ашады.

Неліктен судьяларға осыншама көңіл бөлініп отыр, мемлекетіміз демократиялық ел болғандықтан адамның құқығын, бостандығын, не кемітетін, не төмен түсіретін тек қана сот шешімі, ол сот шешімін шығаратын жалғыз – судья. Сондықтан судьяның біліктілігі мен парасаттылығы, заңдылығы осылай күшеюі керек.

Сондай-ақ инвестициялық даулардың сапалы қаралуы судьялардан  бірқатар  тиісті салалар мен құқықтық институттарға арнайы бейімделген білімділікті, жалпы алғанда, дауларды шешуде неғұрлым практикалық тұрғыда машықтануды талап етеді.

Ал біздің сот жүйесіне шетелдік білікті судьялардың кеңес беруі сот саласындағы реформаларға бағыт-бағдар беріп қана қоймай,  халықаралық жүйеге кірігуіне септігін тигізетін болады.