Мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру және нығайту шаралары

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы
Мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру және нығайту шаралары
 
Әлихан Бәйменов,
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істері
агенттігінің төрағасы
 
Әлемнің жаһандық дамуы жағдайында Қазақстан Республикасының
мемлекеттік қызметін реформалау туралы
 
Жаһандану жағдайында жаңа заманның талаптары үкімет қабылдайтын шешімдердің сапасын арттыру мәселелерінің өзектілігін күшейтті. Мысалы, жақында орын алған әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыстан кейін нарықты реттеуді заңнамалық қамтамасыз ету сапасы мәселелеріне көңіл бөліне басталды. Өз кезегінде осындай шешімдердің тиімділігі көбінесе мемлекеттік аппараттың кәсібилігі, адал қызмет ету құндылықтарына жақын болуы, меритократия қағидатының сақталу деңгейімен анықталады. Мемлекеттік қызметті реформалау – басымдылықтары саяси еркіндіктің, мемлекет рөлінің, таңдалған әлеуметтік-экономикалық модельдің, нақты талаптардың болуымен, сондай-ақ қоғамды демократияландыру дәрежесінің негізінде жүзеге асырылатын үздіксіз үдеріс.
Қазақстанда Мемлекет басшысының әлеуметтік-экономикалық жаңарту және мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді ұсыну сапасын арттыру бойынша басымдықтары мемлекеттік аппарат қызметінің басты бағыттары болып табылады.
Әлеуметтік-экономикалық және индустриалды-инновациялық даму бағдарламаларының тиімділігі мен табыстылығы көбінесе мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігімен анықталатындығын ескере отырып, мемлекеттік қызмет жүйесін реформалау кадрлық саясатты жаңғырту мен жетілдіруге бағытталған.
90-шы жылдардың соңындағы мемлекеттік қызметті жүйелік реформалаудың алғашқы кезеңінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықаралық тәжірибе мұқият зерттелді. Бұрынғы кеңестік кеңістікте тұңғыш рет қабылданған «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң (1999 жыл) мемлекеттік қызметшілер лауазымдарын саяси және әкімшілік қызметшілерге бөлу, мемлекеттік органның саяси басшысы (министр, әкім) ауысқан жағдайда әкімшілік қызметшілерді қорғау, мемлекеттік қызметке кіруде міндетті конкурстық іріктеуді енгізу сияқты жаңалықтарды бекітті.
Біз саналы түрде позициялық моделді таңдадық, себебі өтпелі кезеңде нарықтық ортадағы және үкіметтік емес сектордағы дайындалған кадрларды мемлекеттік қызметтің әртүрлі сатыларына тарту мүмкіндігін қамтамасыз ету өте маңызды болды. Сонымен бірге институттандыру базасы – мемлекеттік қызмет жөніндегі уәкілетті орган, облыстардағы тәртіптік кеңестер, Мемлекеттік басқару академиясы және өңірлік оқыту орталықтары құрылды. Реформалаудың алғашқы кезеңінің нәтижесінде Қазақстанда халықаралық сарапшылардың жоғары бағасына ие болған мемлекеттік қызметтің моделі қалыптасты. Дегенмен, өмір мен қоғам көтеріңкі жаңа талаптарды  да қойды.
«Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның күшіне енгеніне толық 12 жыл уақыт өтті. Қазақтар дәстүрге сәйкес өмірдің маңызды бір айналымы аяқталған мұндай уақыт кезеңін «мүшел жас» деп атайды. Бұл өз өмірін болашақта жаңарту мақсатында өткенді байыптайтын уақыт. Қолданыстағы «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң өмірінің бірінші айналымы аяқталған жылы Мемлекет басшысының мемлекеттік қызмет алдында жаңа міндеттерді қоюы нышанды жәйт.
Реформалаудың негізгі бағыттары Мемлекет басшысының 2011 жылғы шілдедегі Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызметтің жаңа моделі тұжырымдамасында айқындалған. Реформалар келесі өзекті мақсатты индикаторларға қол жеткізуге: кадрларды іріктеу және жоғарылату жүйесіне халықтың сенім білдіру деңгейін арттыруға; мемлекеттік қызметшілердің өздерінің меритократия қағидатын сақтауға қатысты сенімділік деңгейін арттыруға; көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне азаматтардың қанағаттану деңгейін арттыруға бағытталған.
Қазіргі уақытта Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасын әзірлеп, мемлекеттік органдармен келісіп, Үкіметке енгізіп отыр.
Біріншіден, мемлекеттік қызметке «сырттан кіретін» жалғыз кадрлар көзі болып табылатын іріктеу рәсімі мен кадр резервінің рөлін арттыруды жетілдіру. Тестілеуді қоса алғанда, резервке іріктеуден ойдағыдай өткен үміткерге мемлекеттік орган өткізетін бос лауазымға орналасу үшін конкурсқа қатысуға құқық беретін кадр резервіне тіркелгені туралы сертификат беріледі. Бұл жүйе мемлекеттік органдардың конкурстық рәсімдерді өткізуге кететін уақытша шығындарын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.
Конкурстық іріктеудің сапасы мен шынайылығын арттыру мақсатында лауазымды адамдар мен конкурстық комиссиялардың қабылданатын кадрлық шешімдер үшін жауаптылығын белгілеу көзделіп отыр.
Екінші бағыт – кадрларды ілгерілету кезінде меритократия қағидасының сақталуын қамтамасыз ету.
Мемлекеттік қызметтің кәсібилігіне кедергі келтіретін басты проблемалардың бірі мемлекеттік органның бірінші басшысы – министрдің немесе әкімнің ауысуы кезінде кадрлардың «командалық жылжуы» болып табылады. Осыған байланысты заңнамалық деңгейде ауысу тәртібімен конкурстан тыс тағайындаулар мүмкіндіктерін барынша қысқарту көзделеді.
Жаңа басшылар тағайындалған жағдайда кадрлардың ауысушылығына мониторинг жүргізілетін болады. Сонымен қатар, біз мемлекеттік қызметшілерді аттестаттау және олардың жұмыс сапасын бағалау, сондай-ақ мансаптық жоспарлау құралдары мен әдістерін жетілдіру шараларын қарастырып отырмыз. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі «меритократия мен кәсібиліктің омбудсмені» болуы тиіс.
Үшінші бағыт, бұл –  кадр қызметі тиімділігін арттыру. Бұл жерде сөз, ең алдымен персоналды басқарудың іс жүзіндегі қызметтері болуы тиіс мемлекеттік органдардың кадр қызметтерінің рөлін арттыру жөнінде болып отыр. Персоналды басқару қызметтері туралы үлгілік ережені қабылдау, оның функциялары мен жұмысының бірыңғай стандарттарын айқындау, сондай-ақ «е-қызмет» персоналды басқарудың ықпалдастырылған жүйесін құру арқылы персоналды басқару қызметтері жұмысын автоматтандыру көзделіп отыр.
Төртінші бағыт Мемлекет басшысының Жолдауымен және әкімшілік қызметшілерді басқару корпусын қалыптастыру жөніндегі басымдылықпен анықталады. Әлемдік тәжірибеде (АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Франция, Сингапур) бұлар – seniorexecutives деп аталатын жоғары орындаушылық лауазымдарды атқаратын мемлекеттік әкімшілік қызметшілер.
Қызмет атқарып жүрген мемлекеттік қызметшілер арасынан, сондай-ақ «әлеуметтік лифт» тетігі арқылы жеке сектордағы дайындықтан өткен адамдар ішінен басқарушылық корпус үшін кадр резервін қалыптастыратын Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия және өңірлік кадрлық комиссиялар құруды жоспарлап отырмыз.
Басқарушылық корпус лауазымдарына орналасу тек қана кадр резервінен жүргізіледі. Жоғары басқарушылық лауазымдарға орналасуға үміткер адамдарға олардың басқарушылық шешімдер қабылдауын, стратегиялық және ағымдағы міндеттердің өзара байланысын қамтамасыз ететінін ескере отырып, жоғарылатылған біліктілік талаптары қойылатын болады. Бұл санаттағы лауазымдар үшін мансаптық жоспарлау, ротациялау енгізіледі және бөлек еңбек ақы төлеу жүйесі әзірленеді. Басқарушылық корпусты құру мемлекеттік органдар қызметінің сабақтастығын қамтамасыз етуге негіз болады.
Бесінші бағыт – бұл этикаға және корпоративтік мәдениетке байланысты нормаларды күшейту. Мәселен, Мемлекет басшысы Жарлығының деңгейінде бекітілген Мемлекеттік қызметшілердің ар-намыс кодексінің нормалары заң деңгейіне ауыстырылып, мемлекеттік органдардағы тәртіптік комиссиялардың мәртебесін арттыру көзделіп отыр.
Өз кезегінде, өңірлердегі тәртіптік кеңестердің қызметі жүйелік проблемаларды анықтауға, заңнаманы жетілдіру және сыбайлас жемқорлықпен күресті ұйымдастыру тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеуге бағытталады.
Алтыншы бағыт: бұл мемлекеттік қызметшілердің, әсіресе тұрғындармен және бизнеспен тікелей байланыста қызмет атқаратындардың қызметін регламенттеу арқылы мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру. Мемлекеттік қызмет көрсетудің айқын стандарттары мен регламенттерін белгілеу, олардың сақталуы үшін жауапкершілікті бекіту, сондай-ақ қызмет көрсету сапасын бағалау жүйесі мен сыртқы бақылауды, оның ішінде мемлекеттік қызметтерді алушылармен кері байланыс орнатудың маңызы зор.
Бұл реформаларды тиімді іске асыру үшін алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибені ескеру мен мемлекеттік қызмет саласында институттандыру ынтымақтастығын жолға қою маңызды болып табылады. Қазіргі уақытта біз халықаралық ұйымдар және шет мемлекеттер өкілдерімен бірлесіп мемлекеттік қызмет саласындағы білім мен тәжірибені Орталық Азия (Ауғанстанды қоса алғанда), Кавказ және Ресей елдеріне тарату бойынша Астанада өңірлік хаб құру идеясын талқылаудамыз. Өңірлік хаб құру идеясын Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев қолдады.
Өңірлік хаб өңір елдерінің арасында мемлекеттік қызмет саласындағы үнемі білім мен тәжірибе алмасудың институттандыру негізіне, сондай-ақ бірлескен аймақтық бағдарламалар мен жобаларды іске асыру мақсатындағы ғалымдар мен практиктердің, өңірдегі кәсібилілік және сараптамалық желілердің мүмкіндіктерін нығайтудың диалогтық алаңы ретінде көрініс табады. Қазіргі кезде Қазақстан үкіметі қазақстандық тараптың  қосатын үлесінің түрлерін анықтауда: біз бүгінгі таңда Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Мемлекеттік басқару академиясы базасында институттандыру алаңын және ұйымдастырушылық және адами ресурстарды бөлуге дайынбыз, оқыту гранттарын бөлу мүмкіндіктері қарастырылуда. Бірінші сатыда өңірлік хаб заңды тұлға құрмай, бірлескен бастамаларды іске асырудың өзіндік «қолшатыры» ретінде, мысалы әртүрлі іс-шараларды (конференциялар, форумдар, семинарлар) өткізуші және ғалымдар, сарапшылар, практиктер үшін үнемі қызмет ететін ақпараттық-талдау порталын («білім базасы»), электрондық кітапхана, интернет-форумын қалыптастырушы ретінде қызмет ете алады. Осылайша, өңірлік хаб мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру мен оған сараптамалық қолдау көрсетуді қамтамасыз етудің қосымша факторы болуы мүмкін.
Өңірлік хаб дамыған елдердің тәжірибесіне талдау жасауға ғана көмектеспей, сонымен қатар аймақтың белгілі бір елінің заңнамалық жүйесінде оны қолдану тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік береді. Дамыған елдер үшін аймақ елдеріндегі реформаларды жүсеге асыру тәжірибесіне септігін тигізуі мүмкін.
Бұл ҚР СІМ ресми басылымның Қазақстандағы шет мемлекеттердің дипломатиялық корпустары және шет елдердегі Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктері арасында кеңінен таралатындығын ескере отырып, жаңа серіктестерді мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру және біздің елдердің тұрақты дамуын қамтамасыз ету қызметтеріне үлес қосуға негіз болатын аймақтық хаб құруға қатысуға шақырғым келеді.