"Кадр құрамын жасақтау - маңызды мәселе" Жамбыл аудандық сотының судьясы К. Кенжебековтың мақаласы № 87 12.08.2015 ж.

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Тәуелсіздігіміздің тарихында Қазақстан Республикасының Конституциясы басты жалпы азаматтық құндылықтар – сөз бостандығының, таңдау еркіндігінің, құқық үстемдігінің негізінде еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуын қамтамасыз ету жөніндегі өзінің басты қызметін абыроймен атқарып отыр.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясын жариялағаннан бері елімізді әлемдегі дамыған отыздықтың құрамына енгізу барша қазақстандықтардың ортақ мақсатына, ұлттық идеясына айналды. Осы мақсатқа жету үшін жасалатын 100 нақты қадамды  Елбасы айқындап берді. Ұлт жоспарында қоғамның барлық саласын одан әрі жетілдіру бойынша нақты іс-шаралар қамтылған. 

Құқық үстемдігі мен судьяларды іріктеу жүйесін жаңғырту еліміздің таяу болашақтағы дамуының негізгі басымдықтарының қатарына енгізілгендігі соттарға ерекше назар аударылып, жоғары жауапкершілік артылып отырғандығын айғақтайды.

Еліміздің Тұңғыш Президенті сотты халықтың арына теңесе, әйгілі саясаткер Маргарет Тэтчер: «Әділетсіз шешім қоғамның беделін түсіреді, ал, әділетті шешім мемлекеттің беделін көтереді» дейді. Әлемге танымал тұлғалардың бұл тұжырымдары әрбір заңды актінің қоғам мүшелерінің сотқа, жалпы, мемлекетке сенімін нығайтатынын айқындап тұр.

 Қазақстанның құқықтық мемлекет құрудағы талпынысын сот қызметіндегі әрбір өзгерістерден байқауға болады. Соттың арқалаған жүгі әділ төрелікті іске асыру екені даусыз. Өйткені азаматтардың құқықтары мен бостандықтары сонда қорғалады. Бұл өз кезегінде сотқа ашық әрі қолжетімді болуды міндеттейді. Салаға енгізіліп жатқан өзгерістердің бәрі аталмыш мақсаттарға жетуді көздейді.

Қоғамдағы тұрақтылық пен заң үстемдігінің кепіліне айналған сот жүйесін одан әрі дамытудың маңыздылығы арта түсті. Елдің сот жүйесін халықаралық талғамға сай түбегейлі жаңғырту мақсаты судьялардың кәсіби құрамын жасақтауды және толықтыруды, бір сөзбен айтқанда, тәуелсіз елдің ұлттық судья кадрларын әзірлеуді қажет етіп отыр. 

Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде сөйлеген сөзінде сот жүйесін одан әрі жетілдірудің негізгі міндеттері мен мен басты бағыттарын айқындады. Солардың ішінде судьялыққа үміткерге қойылатын біліктілік талаптарын қайта қарау, соттардың ашықтығын арттыру және сот практикасына инвестициялық соттардың қызметімен байланысты үздік әлемдік тәжірибелерді енгізу бар. Аталмыш съезде айқындаған институционалдық реформаларды жүзеге асыру үшін Елбасымыз 100 нақты қадам – жаhандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі жоспарын ұсынды. Ұлт жоспарында «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» институционалдық реформасына қол жеткізудің жолдарын белгіледі. Бұл тапсырмалар мен алға қойған мақсат-міндеттердің нақтылығы және айқын тұжырымдалғандығы ұлттық сот жүйесін дамытудың жол картасы деп атауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, бүгінгі таңда судьялыққа үміткер Қоғамдық кеңестің оң қорытындысын алуы судья кадрларын іріктеу кезіндегі заңнаманың қағидатты талаптарының бірі болып табылады.

Елімізде сапалы сот корпусын қалыптастыруға көп көңіл бөлінетінін Ұлт жоспарының «Судья лауазымына үміткерлерді іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайту» қадамынан да байқалады.

Сот істерін жүргізуге қатысудың бес жылдық өтілі, кәсіби дағдысы мен іскерлігін тексеру үшін ахуалдық тестілер жүйесін енгізу судьялыққа үміткерлерге міндетті түрде қойылатын талаптардың қатарына жатқызылды. Судьялыққа үміткерлер соттарда стипендия төленетін бір жылдық тағылымдамадан кейін судьяға бір жылдық сынақ мерзімі белгіленетін болады.

Сот  істерін  жүргізуге қатысты өтілін енгізу, судьялыққа кез келген адам емес, сот ісін жүргізуден нақты тәжірибесі бар, сот жүйесінде қызмет атқарған немесе сот процестеріне кемінде бес жыл қатысып жүрген қалыптасқан кадрлардың келуіне септігін тигізеді.

Оқу мерзімінің ұзақ болуы да қылмыстық және азаматтық құқық бойынша дәлелдерді қарағанда судьяның ішкі сенімі сияқты сот төрелігінің халықаралық принципін әлдеқайда нәтижелі іске асыруға мүмкіндік береді. Өйткені, жас судья өзінің қызметін қазіргі кездегідей 25 жастан емес, орташа алғанда 30-32 жастан бастайтын болады.

Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы құрылымынан сот төрелігі институтын бөліп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты құрамына беру кадр даярлауға мүмкіндіктер ашады.

Судья кадрларын іріктеудің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ете отырып, үміткерлерді осы заманғы электронды технологиялар мен дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қоғам талқысына салып отыру да өз нәтижесін беретіні анық.

Ұдайы дайындық пен соттардағы ұзақ тағылымдаманың бес жылы ішінде жаңа судья тәжірибе жинақтап, біліктілігін арттыратын болады.

Мақаланың көшірмесі