Сот актілеріне шағымдану тәртібі

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

СОТ АКТІЛЕРІНЕ ШАҒЫМДАНУ ТӘРТІБІ

 

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі

 

401-бап. Сот шешімдеріне апелляциялық шағым жасау, прокурорлардың өтінішхаттар келтіру құқығы

      1. Осы тарауда көзделген қағидаларға сәйкес заңды күшіне енбеген сот шешімдеріне апелляциялық тәртіппен апелляциялық шағым берілуі, прокурор апелляциялық өтінішхат келтіруі мүмкін.

      2. Сот шешіміне апелляциялық шағым жасау құқығы тараптарға, іске қатысатын басқа да тұлғаларға тиесілі.

      Мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесі сот шешіміне апелляциялық шағым жасау құқығын жоғары тұрған органның міндетті түрде келісуімен іске асырады.

      3. Апелляциялық өтінішхат келтіру құқығы істі қарауға қатысқан прокурорға тиесілі. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры және оның орынбасарлары, облыстардың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар және олардың орынбасарлары, аудандардың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар және олардың орынбасарлары өз құзыреті шегінде істі қарауға қатысу-қатыспауына қарамастан, шешімге апелляциялық өтінішхат келтіруге құқылы.

      4. Іске қатысуға тартылмаған, бірақ сот олардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты шешім қабылдаған адамдар да апелляциялық шағым жасауға құқылы.

 

402-бап. Апелляциялық шағымды, прокурордың өтінішхатын қарайтын соттар

      Аудандық және оларға теңестірілген соттар шығарған шешімдерге, сондай-ақ осы Кодекстің 27-1-бабының қағидалары бойынша қаралған істер бойынша шығарылған шешімдерге апелляциялық шағымды, прокурордың өтінішхатын облыстық және оған теңестірілген соттың азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы алқаның кемінде үш судьясының алқалы құрамында қарайды.

      Осы Кодекстің 27-бабы 1-2-бөлігінің қағидалары бойынша қаралған істер бойынша шығарылған шешімдерге апелляциялық шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын Нұр-Сұлтан қаласының соты қарайды.

      Аудандық және оларға теңестірілген соттар оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен шығарған шешімдерге апелляциялық шағымды, прокурордың өтінішхатын, ұйғарымға жеке шағымды, прокурордың өтінішхатын судья жеке-дара қарайды.

 

403-бап. Апелляциялық шағымды, прокурордың өтінішхатын беру тәртібі мен мерзімдері

      1. Апелляциялық шағым, прокурордың апелляциялық өтінішхаты шешім шығарған сот арқылы беріледі. Тікелей апелляциялық сатыға келіп түскен шағым, прокурордың өтінішхаты, осы Кодекстің 27-1-бабының қағидалары бойынша қаралған істер бойынша шешім шығарылған жағдайларды қоспағанда, осы баптың екінші бөлігінің және осы Кодекстің 405-бабының талаптарын орындау үшін шешім шығарған сотқа жіберілуге жатады.

      2. Апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты іске қатысатын адамдардың санына қарай көшірмелерімен қоса сотқа беріледі. Қажет болған жағдайларда судья шағым берген немесе өтінішхат келтірген тұлғаны шағымға, прокурордың өтінішхатына қоса берілген жазбаша дәлелдемелердің көшірмелерін іске қатысатын адамдардың санына қарай беруге міндеттей алады.

      3. Апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты, осы Кодексте белгіленген жағдайларды қоспағанда, түпкілікті нысанда шешім шығарылған күннен бастап, ал сот талқылауына қатыспаған адамдар өздеріне шешімнің көшірмелері жіберілген күннен бастап бір ай ішінде беруі мүмкін.

      5. Апелляциялық шағым беру немесе прокурор өтінішхат келтіру үшін мерзімді қалпына келтіру туралы мәселені бірінші сатыдағы сот осы Кодекстің 126-бабында көзделген тәртіппен қарайды.

 

404-бап. Апелляциялық шағымның, прокурор өтінішхатының мазмұны

      1. Апелляциялық шағымда, прокурордың өтінішхатында:

      1) апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты жіберілетін соттың атауы;

      2) апелляциялық шағымды, прокурордың өтінішхатын беретін тұлғаның атауы;

      3) шағым жасалатын немесе прокурордың апелляциялық өтінішхаты бойынша қайта қаралатын шешім және осы шешімді шығарған соттың атауы;

      4) әдетте қолданылуға жататын заңдарға және іс материалдарына сілтеме жасай отырып, сот шешімінің заңсыздығы немесе негізсіздігі неден көрінетіндігіне нұсқау;

      5) шағым жасалып отырған немесе прокурордың апелляциялық өтінішхаты бойынша қайта қаралып отырған шешімнің заңдылығын қандай бөлігінде тексеру керек екендігіне және шағымды, прокурордың өтінішхатын беретін тұлғаның қандай өзгерістер енгізуді талап ететініне нұсқау;

      6) шағымға, прокурордың өтінішхатына қоса берілетін құжаттардың тізбесі;

      7) шағым, прокурордың өтінішхаты берілген күн және шағымды, прокурордың өтінішхатын беретін адамның қолтаңбасы қамтылуға тиіс. Өкіл қол қойған шағымға сенімхат немесе істе мұндай құжат болмаса, өкілдің өкілеттігін куәландыратын өзге де құжат қоса берілуге тиіс.

      Электрондық құжаттар нысанында шағым берілген, прокурордың өтінішхаты келтірілген кезде олар оны беретін адамның немесе оның өкілінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады. Электрондық құжаттар нысанындағы шағымға, прокурордың өтінішхатына құжаттардың электрондық көшірмелері қоса беріледі.

      2. Апелляциялық шағымда, прокурордың өтінішхатында бірінші сатыдағы сотта мәлімделмеген талаптар болмауға тиіс.

      Бірінші сатыдағы сотқа ұсынылмаған жаңа дәлелдемелерге сілтеме жасауға, егер шағымда, прокурордың өтінішхатында оларды бірінші сатыдағы сотқа ұсынудың мүмкін еместігінің негіздемесі болса, оның ішінде, егер адам бірінші сатыдағы сотта іске қатысуға тартылмаса, сондай-ақ егер бірінші сатыдағы сотта оларды зерттеу және (немесе) талап етіп алдыру туралы өтінішхат мәлімделіп, бірақ ол қанағаттандырусыз қалдырылса, жол беріледі.

408-бап. Апелляциялық шағымға, прокурордың өтінішхатына пікір

      1. Іске қатысатын адам апелляциялық шағымға, прокурордың өтінішхатына пікірді апелляциялық сатыдағы сотқа, іске қатысатын басқа да адамдарға апелляциялық шағымға, прокурордың өтінішхатына қатысты қарсылықты растайтын құжаттарды қоса бере отырып жібереді.

      Апелляциялық сатыдағы сотқа жіберілетін пікірге іске қатысатын басқа да адамдарға пікірдің жіберілгенін растайтын құжат та қоса беріледі.

      2. Пікір сот белгілеген, апелляциялық сатыдағы сотта сот отырысы басталғанға дейін іске қатысатын адамдардың онымен танысу мүмкіндігін қамтамасыз ететін мерзімде жіберіледі.

      3. Пікірге іске қатысатын адам немесе оның өкілі қол қояды. Пікірді электрондық құжат нысанында берген кезде ол оны берген тұлғаның немесе оның өкілінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады. Өкіл қол қойған пікірге сенімхат немесе оның өкілеттігін растайтын өзге құжат қоса берілуге тиіс. Электрондық құжат нысанында берілген пікірге осы бапта көрсетілген құжаттардың электрондық көшірмелері қоса беріледі.

 

409-бап. Апелляциялық шағымнан, прокурордың өтінішхатынан бас тарту және оларды кері қайтарып алу

      1. Апелляциялық шағым берген тұлға, оның ішінде іс бойынша тарап ретінде апелляциялық шағым берген прокурор апелляциялық сатыдағы сот қаулы шығарғанға дейін одан бас тартуға немесе судья осы Кодекстің 405-бабында көзделген әрекеттерді орындаған кезде оны бірінші сатыдағы сотта кері қайтарып алуға құқылы.

      Прокурор соттың шешіміне өтінішхатты апелляциялық сатыдағы сот қаулы шығарғанға дейін кері қайтарып алуға құқылы.

      Апелляциялық шағымнан бас тарту, шағымды, прокурордың өтінішхатын кері қайтарып алу бірінші немесе апелляциялық сатыдағы сотқа жазбаша арыз беру арқылы ресімделеді.

      2. Апелляциялық шағымнан бас тартуды қабылдау туралы апелляциялық сатыдағы сот, егер шешімге басқа да адамдар шағым жасамаса және жоғары тұрған прокурор өтінішхат келтірмесе, апелляциялық іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым шығарады. Ұйғарым шағым жасауға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға жатпайды. Шағымды қайта беруге жол берілмейді, ал берілген жағдайда шағым қайтарылады.

      3. Шағым, прокурордың өтінішхаты кері қайтарылып алынған жағдайда, сот қайтару туралы ұйғарым шығарады, ол шағым жасауға және наразылық білдіруге жатпайды. Шағым, прокурордың өтінішхаты осы Кодекстің 403-бабының үшінші бөлігінде белгіленген мерзімдерде қайта берілуі мүмкін.

      3-1. Апелляциялық сатыдағы сот (судья) осы Кодекстің 407-бабы бірінші бөлігінің 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген негіздер болған кезде шағымды, прокурордың өтінішхатын қайтару туралы ұйғарым шығарады.

      Бұл ұйғарым шағым жасалуға жатпайды, бірақ бірінші сатыдағы сотқа апелляциялық шағыммен, прокурордың апелляциялық өтінішхатымен қайта жүгінуге кедергі келтірмейді.

      4. Егер бірінші сатыдағы соттың шешіміне апелляциялық шағымды басқа тұлғалар берсе, ол осы тарауда белгіленген тәртіппен мәні бойынша қаралуға тиіс.

 

410-бап. Тараптардың дауды апелляциялық сатыдағы сотта ерікті түрде реттеуі

      1. Талап қоюшының талап қоюдан бас тартуы, апелляциялық шағым берілгеннен кейін жасалған тараптардың татуласу келісімі, тараптардың дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімі немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім апелляциялық сатыдағы сотқа жіберілген арыздарда көрсетілуге тиіс.

      2. Апелляциялық сатыдағы сот осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген мәселелер бойынша арыздарды осы Кодекстің 170-бабында және 17-тарауында көзделген тәртіппен қарайды.

      3. Апелляциялық сатыдағы сот талап қоюдан бас тартуды қабылдаған жағдайда сот шешімінің күшін жояды және осы Кодекстің 277-бабының 4) тармақшасында белгіленген негіздер бойынша іс бойынша іс жүргізуді тоқтатады.

      Апелляциялық сатыдағы сот татуласу келісімі, тараптардың дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімі немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім бекітілген жағдайда сот шешімінің күшін жояды және осы Кодекстің 277-бабының 5), 6) тармақшаларында белгіленген негіздер бойынша іс бойынша іс жүргізуді тоқтатады.

      4. Егер апелляциялық сатыдағы сот талап қоюшының талап қоюдан бас тартуын қабылдамаса, татуласу келісімін, тараптардың дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімін немесе партисипативтік рәсім тәртібімен дауды реттеу туралы келісімді бекітпесе апелляциялық шағым мәні бойынша қаралады.

 

429-бап. Бірінші сатыдағы соттың ұйғарымдарына (қаулыларына) шағым жасау, прокурордың өтінішхат келтіру тәртібі мен мерзімдері

      1. Осы Кодексте көзделген жағдайларда, сондай-ақ соттың ұйғарымы істің одан әрі қозғалу мүмкіндігіне бөгет болатын жағдайларда бірінші сатыдағы соттың ұйғарымына осы Кодекстің 401-бабында аталған адамдар жеке шағым беруі, өтінішхат келтіруі мүмкін. Егер ұйғарым іске қатыспайтын адамдардың құқықтары мен мүдделеріне қатысты болса, олар да соттың ұйғарымына шағым жасауға құқылы.

      Жеке шағым, прокурордың өтінішхаты ұйғарым түпкілікті нысанда дайындалған күннен бастап он жұмыс күні ішінде беріледі.

      2. Бірінші сатыдағы соттың қалған ұйғарымдарына, оның ішінде сол жерде сот отырысының хаттамасына енгізіле отырып шығарылған ұйғарымдарға жеке шағым, прокурордың өтінішхаты берілмейді, бірақ қарсылықтар апелляциялық шағымға, прокурордың өтінішхатына енгізілуі мүмкін.

      3. Шешім шығарумен аяқталған сот талқылауы кезінде шығарылған ұйғарымға жеке шағым берілген, прокурор өтінішхат келтірген жағдайда, шешімге шағым жасау үшін белгіленген мерзім өткеннен кейін ғана іс жоғары тұрған сот сатысына жіберіледі. Бұл ретте, егер сот шешіміне апелляциялық шағым берілсе, прокурор апелляциялық өтінішхат келтірсе, жеке шағымды, прокурордың өтінішхатын тексеруді істі апелляциялық тәртіппен қарайтын сот сатысы жүргізеді. Бұл жағдайда апелляциялық саты жеке шағымды, прокурордың өтінішхатын алқалық құрамда, сот шешіміне апелляциялық шағыммен және (немесе) прокурордың апелляциялық өтінішхатымен бірге қарайды.

      4. Жеке шағым, прокурордың өтінішхаты осы ұйғарымды шығарған сотқа іске қатысатын адамдардың санына қарай құжаттардың көшірмелерімен қоса беріледі, бұларды судья оларға жібереді немесе тапсырады. Судья жеке шағымды, прокурордың өтінішхатын алғаннан кейін азаматтық істі немесе материалдарды апелляциялық сатыдағы сотқа жібереді.

      5. Жеке шағым, прокурордың өтінішхаты апелляциялық шағымдар мен прокурордың өтінішхаттарын қабылдау және қарау үшін осы тарауда белгіленген тәртіппен қабылданады және қаралады.

      Осы Кодекстің 414-бабында көзделген тәртіппен апелляциялық сатыдағы сот іске қатысатын адамдарға жеке шағымды, прокурордың өтінішхатын қарау уақыты мен орны туралы хабарлайды. Іске қатысатын адамдардың апелляциялық сатыдағы соттың сот отырысына келмеуі оларды қарауға кедергі болмайды.

      6. Жеке шағымды, прокурордың өтінішхатын қарау нәтижелері бойынша апелляциялық сатыдағы сот:

      1) соттың ұйғарымын – өзгеріссіз, ал жеке шағымды, прокурордың өтінішхатын қанағаттандырусыз қалдыру;

      2) сот ұйғарымының толық немесе бір бөлігінде күшін жою және мәселені бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға беру;

      3) сот ұйғарымының толық немесе бір бөлігінде күшін жою және мәселені мәні бойынша шешу;

      4) ұйғарымды өзгерту туралы ұйғарым шығарады.

      7. Талап қоюларды қайтару, талап қоюды қамтамасыз ету, соттылық, қате жазуларды және анық арифметикалық қателерді түзету, шешімді түсіндіру, іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру, талап қоюларды қараусыз қалдыру мәселелері бойынша жеке шағым немесе прокурордың өтінішхаты бойынша шығарылған апелляциялық сатыдағы сот ұйғарымдары шағым жасалуға және наразылық білдірілуге жатпайды. Осы Кодексте белгіленген жағдайларда істің одан әрі жүргізілу мүмкіндігіне бөгет болатын апелляциялық сатыдағы сот ұйғарымына шағым жасалуы және наразылық білдірілуі мүмкін.

 

434-бап. Кассациялық тәртiппен қайта қарауға жататын сот актiлерi

      1. Жергілікті және басқа соттардың заңды күшіне енген сот актілерін оларға шағым жасаудың апелляциялық тәртібі сақталған жағдайда, осы Кодекстің 28-1-бабының қағидалары бойынша қаралған істер бойынша шығарылған сот актілерін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты кассациялық тәртіппен қайта қарауы мүмкін.

      2. Мынадай:

      1) осы Кодекстің 12 және 21-1-тарауларында көзделген оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен қаралған;

      2) татуласу келісімімен, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісіммен немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісіммен аяқталған;

      3) талап қою сомасы екі мың айлық есептік көрсеткіштен кем болған кезде жеке тұлғалардың және талап қою сомасы отыз мың айлық есептік көрсеткіштен кем болған кезде заңды тұлғалардың мүліктік мүдделеріне байланысты;

      4) талап қоюдан бас тартуға байланысты аяқталған істер бойынша;

      5) берешекті қайта құрылымдау туралы істер, сондай-ақ оңалту рәсімі мен банкроттық рәсімі шеңберінде туындайтын даулар жөніндегі, оның ішінде борышкер немесе ол уәкілеттік берген тұлға жасасқан мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы, борышкердің мүлкін қайтару туралы, банкроттықты немесе оңалтуды басқарушының талап қоюлары бойынша дебиторлық берешекті өндіріп алу туралы істер бойынша сот актiлері кассациялық тәртiппен қайта қарауға жатпайды.

      Осы бөліктің күші осы Кодекстің 28-1-бабының қағидалары бойынша қаралған істер бойынша шығарылған сот актілеріне қолданылмайды.

      3. Жергілікті және басқа да соттардың заңды күшiне енген сот актiлерi оларға шағым жасаудың апелляциялық тәртібі сақталмаған жағдайда, сондай-ақ осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген істер бойынша сот актілері осы Кодекстің 438-бабының алтыншы бөлігінде көзделген негіздер болған кезде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы және Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы бойынша кассациялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін.

      4. Жергілікті және басқа да соттардың заңды күшiне енген сот актiлерi оларға шағым жасаудың апелляциялық тәртібі сақталмаған жағдайда, осы баптың екінші бөлігінің 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген істер бойынша сот актілерін қоспағанда, сондай-ақ осы баптың екінші бөлігінің 5) тармақшасында көрсетілген бірінші және апелляциялық сатылардың сот актілері осы Кодекстің 427-бабында көзделген негіздер бойынша Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы бойынша кассациялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін.

      5. Кассациялық сатының қаулылары осы Кодекстің 438-бабының алтыншы бөлігінде көзделген негіздер болған кезде қайта қаралуы мүмкін.

 

435-бап. Заңды күшiне енген сот актiлерiне өтiнiшхат беруге, ұсыным енгізуге, наразылық келтіруге құқығы бар тұлғалар

      1. Осы Кодекстiң 434-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген сот актiлерiне дау айту туралы өтiнiшхатты тараптар, iске қатысатын тұлғалар, сот актілерінде мүдделері қозғалатын басқа да тұлғалар және олардың өкілдері беруi мүмкiн.

      1-1. Мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесі осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көзделген сот актілеріне дау айту туралы өтінішхат беру құқығын жоғары тұрған органның міндетті түрде келісуімен іске асырады.

      2. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы заңды күшiне енген сот актiлерiне осы баптың бірінші бөлігінде аталған адамдардың өтінішхаты бойынша ұсыну енгізуге құқылы.

      Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры заңды күшiне енген сот актiлерiне өзінің бастамасы бойынша да, осы Кодекстің 54-бабының екінші бөлігінде көзделген істер бойынша өзіне берілген, осы баптың бірінші бөлігінде аталған адамдардың өтінішхаттары бойынша да наразылық келтіруге құқылы.

      Өтінішхат ұсынуға немесе наразылыққа қоса беріледі.

      3. Өтiнiшхат берген тұлға, оның ішінде іс бойынша тарап ретінде өтінішхат берген прокурор одан бас тартуға немесе өтінішхатты кері қайтарып алуға құқылы, наразылық келтірген прокурор оны өтінішхат, наразылық қаралғанға дейін кассациялық сатыдағы сотқа арыз беру арқылы кері қайтарып алуға құқылы.

      Өтінішхаттан бас тарту кассациялық сатыдағы сотта, оның ішінде алдын ала қарау сатысында да іс жүргізудің тоқтатылуына алып келеді. Өтінішхатты қайтадан беруге жол берілмейді, ал берілген жағдайда өтінішхат қайтарылады.

      Кері қайтарылған жағдайда өтінішхат, наразылық осы Кодекстің 436-бабының бірінші бөлігінде белгіленген мерзімдерде қайтадан берілуі мүмкін.

      4. Егер сот актілеріне өтінішхатты басқа тұлғалар берсе және ол бойынша кассациялық саты сотының сот отырысында қарау үшін өтінішхатты іспен бірге беру туралы шешім қабылданса, іс осы тарауда белгіленген тәртіппен мәні бойынша, оның ішінде осы баптың үшінші бөлігінде көрсетілген мән-жайлар анықталған кезде қаралуға жатады.

      5. Осы Кодекстiң 443 және 444-баптарында көзделген қағидалар Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынымына және Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығына қолданылмайды және оларды кассациялық сатыдағы сот тікелей қарайды.

 

436-бап. Заңды күшiне енген сот актiлерiне дау айту, наразылық келтіру мерзiмдерi

      1. Апелляциялық сатыдағы соттың ұйғарымдары, қаулылары заңды күшіне енген күннен бастап алты ай iшiнде оларға өтiнiшхат, наразылық берілуі мүмкін.

      2. Сот актілеріне апелляциялық тәртіппен шағым жасау мерзімі өтіп кеткен жағдайда, өтінішхат шағым жасау мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішті бірінші сатыдағы сот қарағаннан кейін, ал бас тартылған жағдайда – апелляциялық сатыдағы сот жеке шағымды, наразылықты, апелляциялық шағымды қарағаннан кейін кассациялық сатыдағы сотқа берілуі мүмкін.

      3. Осы баптың бірінші бөлігінің қағидалары осы Кодекстің 438-бабының алтыншы бөлігінде көзделген негіздер бойынша сот актілерін қайта қарау жағдайларына қолданылмайды.

      4. Егер кассациялық наразылық келтiру туралы өтiнiшхат прокурорға белгiленген мерзiм сақтала отырып берiлсе, бiрақ ол бойынша шешiм қабылданбаса, кассациялық сатыдағы сот наразылық келтіру мерзiмiн ұзартады. Наразылықта бұл туралы көрсетiлуге тиiс.

 

437-бап. Iстердi кассациялық тәртiппен қарайтын соттар

      1. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты осы Кодекстің 435-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғалардың өтінішхаттары бойынша, сондай-ақ осы Кодекстің 435-бабының екінші бөлігінде көрсетілген тұлғалардың ұсынуы және наразылығы бойынша істерді кемінде үш судьядан тұратын алқалы құрамда қарайды.

      2. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты осы Кодекстің 438-бабының алтыншы бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша кассациялық сатыдағы соттың қаулыларына енгізілген осы Кодекстің 435-бабының екінші бөлігінде көрсетілген адамдардың ұсынуы және наразылығы бойынша істерді кемінде жеті судьядан тұратын алқалы құрамда қарайды.

 

439-бап. Наразылық келтіру

      1. Себеп пен негiздер болған кезде Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры наразылық келтіреді және оны iспен және өтiнiшхатпен бiрге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына жібереді.

      2. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы наразылықтың көшiрмелерiн iске қатысатын адамдарға жібереді.

440-бап. Наразылықтың мазмұны

      Наразылықта:

      1) наразылық келтірілетін соттың атауы;

      2) наразылық келтірілетін сот актiлерiне нұсқау;

      3) сот актiлерi шығарылған iстiң мәнi жазылуға;

      4) заңсыз сот актiсiн шығаруға әкелген материалдық не процестік құқық нормаларының елеулi бұзылуы нені білдіретініне нұсқау;

      5) наразылық келтірген лауазымды адамның ұсынысы немесе түйіндері болуға тиіс;

      6) осы Кодекстің 438-бабының алтыншы бөлігінде көзделген негіздер бойынша наразылық келтірілген жағдайларда, наразылықта сот актілерін қайта қарау үшін негіздердің айрықшалығы неде екені көрсетілуге тиiс;

      7) наразылыққа осы Кодекстің 439-бабының екінші бөлігі талаптарының орындалғанын растайтын құжат қоса беріледі.

441-бап. Сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы және кассациялық наразылық келтіру туралы өтінішхаттың мазмұны

      1. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына берілетін сот актiсiн кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы және Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына берілетін кассациялық наразылық келтіру туралы өтiнiшхатта:

      1) өтiнiшхат жіберіліп отырған соттың немесе лауазымды адамның атауы;

      2) өтiнiшхат беретін адамның және мүддесі үшін өтінішхат беріліп отырған адамның аты-жөні, оның тұрғылықты жерi немесе орналасқан жерi және iстегi процестік жағдай;

      3) iске қатысатын адамдардың тұрғылықты жерлері немесе орналасқан жерлерi көрсетіліп, оларды санамалау;

      4) iстi бiрiншi, апелляциялық сатыларда қараған соттарға нұсқау және олар қабылдаған шешiмдердiң мазмұны;

      5) қайта қарауға, наразылық келтіруге жататын сот актісіне нұсқау;

      6) материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуы неде екендігіне және өтінішхатты берген адамның өтініші неден тұратындығына нұсқау;

      7) өтінішхат осы Кодекстің 438-бабының алтыншы бөлігінде көзделген негіздер бойынша берілген жағдайда, өтінішхатта сот актілерін қайта қарау үшін негіздердің айрықшалығы неде екені көрсетілуге тиiс.

      2. Егер өтiнiшхат iске қатыспаған адамның мүддесі үшін берілсе, онда дау айтылып отырған сот актісінде сол адамның қандай құқықтарының бұзылғаны көрсетiлуге тиiс.

      3. Егер өтiнiшхат бұрын кассациялық сатыдағы сотқа берiлсе және қайтарылса, өтінішхатта оны қайтару себептері туралы көрсетiлуге тиiс.

      4. Өтiнiшхатты берген адам оған қол қоюға тиiс. Өтінішхатты электрондық құжат нысанында берген кезде, ол оны берген адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады. Электрондық құжат нысанында берілетін өтінішхатқа осы бапта көрсетілген құжаттардың көшірмелері электрондық нысанда қоса беріледі.

      5. Сот актісіне дау айту туралы өтінішхатқа "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) белгіленген мөлшерде мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат қоса берілуге тиіс.

 

Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi

 

414-бап. Үкімдерге, қаулыларға апелляциялық (жекеше) шағым беру, прокурордың өтінішхатын келтіру құқығы

      1. Үкімге, қаулыға апелляциялық шағым жасау құқығы сотталған адамға, ақталған адамға, олардың қорғаушыларына, оның ішінде үкім, қаулы жария етілгеннен кейін іс бойынша іс жүргізуге кіріскен қорғаушыларына, олардың заңды өкілдеріне, жәбірленушіге (жекеше айыптаушыға), олардың өкілдеріне және заңды өкілдеріне тиесілі. Азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер, олардың өкілдері және заңды өкілдері үкімге азаматтық талап қоюға қатысты бөлігінде шағым жасауға құқылы.

      2. Апелляциялық тәртіппен сот актісін қайта қарау туралы прокурордың апелляциялық өтінішхатын істі қарауға мемлекеттік айыптаушы ретінде қатысқан прокурор келтіруі мүмкін. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры және оның орынбасарлары, облыстардың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар және олардың орынбасарлары, аудандардың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар өздерінің құзыреті шегінде істі қарауға қатысу-қатыспауына қарамастан, үкімді, қаулыны қайта қарау туралы прокурордың апелляциялық өтінішхатын келтіруі мүмкін.

      3. Егер соттың қаулысы осы істің тараптары болып табылмайтын тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қатысты болса, олар да сот актісіне шағым жасауға құқылы.

415-бап. Апелляциялық тәртіппен қаралуға жататын сот актілері

      1. Аудандық және оған теңестірілген соттардың, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттардың, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың, гарнизондардың әскери соттарының заңды күшіне енбеген үкімдері апелляциялық тәртіппен қаралуға жатады.

      2. Осы баптың үшінші бөлігінде көрсетілгендерді қоспағанда, бірінші сатыдағы соттардың заңды күшіне енбеген қаулыларына осы тарауда көзделген тәртіппен жекеше шағым берілуі, прокурордың өтінішхаты келтірілуі мүмкін.

      3. Бұлтартпау шарасы, ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы қаулылардан басқа, сот талқылауы барысында шығарылған, осы Кодекстің 10-бабының екінші бөлігінде көрсетілген мәселелер жөніндегі, сондай-ақ процеске қатысушылардың дәлелдемелерін, өтінішхаттарын зерттеу тәртібі мен тәсіліне, сот отырысы залында тәртіп сақтауға қатысты қаулылар осы тараудың қағидалары бойынша қайта қарауға жатпайды. Жоғарыда көрсетілген қаулыларға қарсылықтар үкімге келтірген апелляциялық шағымдарда, прокурордың өтінішхаттарында баяндалуы мүмкін.

416-бап. Заңды күшіне енбеген үкімдерге, қаулыларға апелляциялық (жекеше) шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын қарайтын соттар

      1. Аудандық және оларға теңестірілген соттардың, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың заңды күшіне енбеген үкімдеріне, қаулыларына апелляциялық (жекеше) шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын тиісті облыстық және оған теңестірілген соттың апелляциялық сатысы қарайды.

      2. Гарнизондардың әскери соттарының, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттардың заңды күшіне енбеген үкімдеріне, қаулыларына апелляциялық (жекеше) шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын Әскери сот қарайды.

      3. Егер іс бойынша үкім және қаулы шығарылса, онда үкімге апелляциялық шағымдар, прокурордың өтінішхаттары және қаулыға жекеше шағымдар, прокурордың өтінішхаттары облыстық немесе оған теңестірілген соттың апелляциялық сатысының бір отырысында қаралады.

      4. Басты сот талқылауы барысында шығарылатын, бұлтартпау шарасы және ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы қаулыларға жекеше шағымдар, прокурордың өтінішхаттары іс бойынша іс жүргізу аяқталғанға дейін апелляциялық сатыда қаралады. Көрсетілген шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын апелляциялық сатыда қарау қылмыстық істі бірінші сатыдағы сотта одан әрі қарауды үзбейді.

417-бап. Апелляциялық (жекеше) шағым беру, прокурордың өтінішхатын келтіру тәртібі

      1. Үкім, қаулы шығарған сот арқылы апелляциялық (жекеше) шағымдар беріледі, прокурордың өтінішхаттары келтірiледi. Апелляциялық сатыға тiкелей келiп түскен апелляциялық (жекеше) шағымдар, прокурордың өтінішхаттары осы Кодекстiң 420-бабының және 421-бабы екiншi бөлiгiнiң талаптарын орындау үшiн үкім, қаулы шығарған сотқа жiберілуге жатады.

      2. Істі қайтадан қарау кезінде шығарылған үкімге, қаулыға осындай тәртіппен шағым жасалуы, ол прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуы мүмкін.

418-бап. Апелляциялық (жекеше) шағым беру, прокурордың өтінішхатын келтіру мерзiмдерi

      1. Үкім, қаулы жария етілген күннен бастап он бес тәулiк iшiнде апелляциялық (жекеше) шағымдар беріледі, прокурордың өтінішхаттары келтіріледі, ал күзетпен ұсталатын сотталған адам оларды өзіне үкімнің, қаулының көшiрмесi табыс етілген күннен бастап дәл сондай мерзiмде бере алады.

      2. Сот актісіне шағым жасау үшiн белгiленген мерзiм iшiнде iсті бірінші сатыдағы соттан талап етiп алдыруға болмайды.

      3. Мерзiмдi өткізіп алып берiлген апелляциялық (жекеше) шағым, прокурордың өтінішхаты үкімді, қаулыны шығарған соттың қаулысымен мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхат болмаған кезде осы негіз көрсетіле отырып, авторға қайтарылады. Егер шағымды, прокурордың өтінішхатын бірінші сатыдағы сот қабылдаған соң оларды беру мерзімінің өткізіп алынғаны апелляциялық сатыда анықталса, апелляциялық саты судьясы өз қаулысымен оларды қараусыз қалдырады.

 

423-бап. Апелляциялық (жекеше) шағым, прокурордың өтінішхаты

      1. Апелляциялық шағымда, прокурордың өтінішхатында:

      1) шағым, прокурордың өтінішхаты жолданып отырған тиісті апелляциялық сатыдағы соттың атауы;

      2) шағым берген немесе прокурордың өтінішхатын келтірген адамның процестік жағдайы, тұрғылықты жері немесе тұрған жері, онымен хабарласудың байланыс құралдарының нөмірлері көрсетіле отырып, ол туралы деректер;

      3) шағым берілген, прокурордың өтінішхаты келтірілген үкім немесе қаулы және осы шешімді шығарған соттың атауы;

      4) үкімнің, қаулының қай бөлігінде немесе оларға толық көлемде шағым берілгенін, прокурордың өтінішхаты келтірілгенін көрсету;

      5) шағым берген, прокурордың өтінішхатын келтірген адамның өз пікірі бойынша сот үкімінің, қаулысының дұрыс еместігі неде екендігі, сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыру немесе істі қарау кезінде заңның қандай нормаларының бұзылғаны және мұның ол бойынша шешім қабылдауға әсер еткені туралы дәлелдері және оның өтінуінің мәні;

      6) шағымның, прокурор өтінішхатының авторы өз талаптарын негіздейтін, оның ішінде бірінші сатыдағы сот зерттемеген дәлелдемелер;

      7) шағымға, прокурордың өтінішхатына қоса берілетін материалдардың тізбесі;

      8) шағым берілген, прокурордың өтінішхаты келтірілген күн және шағым авторының, өтінішхат келтірген прокурордың қолтаңбасы қамтылуға тиіс.

      2. Егер берілген шағым, прокурордың келтірілген өтінішхаты осы талаптарға сәйкес келмесе, олар берілген деп есептеледі, бірақ үкім шығарған сот оларды толық ресімдеу мерзімін көрсете отырып, кері қайтарады. Егер көрсетілген мерзім ішінде апелляциялық (жеке- ше) шағым, прокурордың өтінішхаты қайта жасалғаннан кейін сотқа ұсынылмаса, олар берілмеген деп есептеледі, бұл туралы шағым, прокурордың өтінішхаты авторына хабарланады. Апелляциялық сатыдағы сот шағымды осы баптың бірінші бөлігіне сәйкес ресімдеу үшін осындай тәртіппен қайтаруға құқылы.

      3. Тараптар апелляциялық (жекеше) шағымның, прокурордың өтінішхатының негіздерін растау ретінде шағыммен бірге немесе оны бергеннен кейін апелляциялық сатыдағы сотқа жаңа материалдар ұсынуға немесе оларды талап етіп алдыру және зерттеу, сондай-ақ өздері көрсеткен куәлардан, жәбірленушілерден, сарапшылардан, мамандардан жауап алу, бірінші сатыдағы сот тергеуі олқылықтарының орнын толтыруға бағытталған өзге де әрекеттер жасау туралы өтінішхат беруге құқылы.

      4. Апелляциялық (жекеше) шағым берген, прокурордың өтінішхатын келтірген адам сот отырысы басталғанға дейін өзінің шағымын, прокурор өтінішхатын өзгертуге не жаңа дәлелдермен толықтыруға құқылы. Бұл ретте прокурордың қосымша өтінішхатында немесе прокурордың өтінішхатын өзгерту туралы оның арызында, сол сияқты жәбірленушінің, жекеше айыптаушының немесе өкілдердің үкімге шағым жасау мерзімі өткеннен кейін берілген қосымша шағымында, егер прокурордың бастапқы өтінішхатында немесе шағымда сотталған адамның жағдайын нашарлату туралы талап болмаса, осындай мәселе қойыла алмайды. Сот актісіне шағым жасау мерзімі өткеннен кейін іс бойынша іс жүргізуге кіріскен қорғаушы шағымды өзгерте алады не жаңа дәлелдермен толықтыра алады, іске бұрын қатысқан қорғаушы берген шағымдағы дәлелдердің қосымша дәйектемелерін ұсына алады.

      5. Үкімге, қаулыға шағым жасаған, прокурордың өтінішхатын келтірген адам апелляциялық сатыдағы сот отырысы басталғанға дейін өз шағымын, прокурордың өтінішхатын кері қайтарып алуға құқылы. Прокурордың өтінішхатын жоғары тұрған прокурор да кері қайтарып алуы мүмкін. Қорғаушы, заңды өкіл өз шағымын сотталған адамның келісімімен ғана кері қайтарып алуға құқылы. Сотталған адам өзінің қорғаушысы, заңды өкілі берген шағымды кері қайтарып алуға құқылы, көрсетілген адамдардың шағымдарын оның кері қайтарып алуы сот үшін міндетті болып табылады.

 

484-бап. Кассациялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін сот актілері

      1. Жоғарғы Сот бірінші сатыдағы соттар шығарған, заңды күшіне енген үкімдер мен қаулыларға өтінішхаттар бойынша олар апелляциялық сатыда қаралғаннан кейін, прокурордың наразылықтары бойынша, сондай-ақ апелляциялық сатыдағы үкімдер мен қаулыларға өтінішхаттар мен наразылықтар бойынша істерді кассациялық тәртіппен қарайды.

      2. Кассациялық тәртіпте қайта қарауға:

      1) қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар туралы істер бойынша;

      2) сот талқылауы барысында шығарылған осы Кодекстің 10-бабының екінші бөлігінде көрсетілген, сондай-ақ процеске қатысушылардың дәлелдемелерін, өтінішхаттарын зерттеу тәртібі мен тәсіліне, сот отырысының залында тәртіп сақтауға қатысты, мемлекеттік және жекеше айыптаушының айыптаудан бас тартуына байланысты мәселелер бойынша, үкімді орындауға байланысты мәселелер бойынша;

      3) тергеу судьясы шығарған сот актілері жатпайды.

      3. Жергілікті және басқа да соттардың заңды күшіне енген сот актілері оларға шағым жасаудың апелляциялық тәртібі сақталмаған жағдайда, сондай-ақ осы баптың екінші бөлігі 1) тармағында көрсетілгендер:

      1) осы Кодекстің 485-бабында көзделген негіздер болған кезде Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы бойынша;

      2) осы Кодекстің 485-бабының екінші бөлігінде көзделген негіздер болған кезде Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы бойынша кассациялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін.

      4. Кассациялық сатының қаулылары осы Кодекстің 485-бабының екінші бөлігінде көзделген негіздер болған кезде Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы және Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы бойынша қайта қаралуы мүмкін.

 

485-бап. Заңды күшіне енген сот үкімдері мен қаулыларын кассациялық тәртіппен қайта қарау негіздері

      1. Осы Кодекстің 484-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға мыналарға:

      1) кінәсізді соттауға;

      2) негізсіз ақтау үкімін шығаруға немесе істі тоқтатуға;

      3) сотталған адамның іс-әрекетін дұрыс сараламауға, қылмыстың қайталану түрін және қылмыстық атқару жүйесінің түзеу мекемелері режимін дұрыс айқындамауға;

      4) жәбірленушіні сот арқылы қорғалу құқығынан айыруға;

      5) жазаның дұрыс тағайындалмауына не сот тағайындаған жазаның қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығы мен сотталған адамның жеке басына сәйкес келмеуіне;

      6) азаматтық талап қоюды дұрыс шешпеуге, мүлікті тәркілеу туралы мәселені дұрыс шешпеуге;

      7) медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану кезінде қаулыны заңсыз немесе негізсіз түрде шығаруға;

      8) Осы Кодекстің 446-бабының үшінші бөлігінде көзделген жағдайда қайшылықтарын жою туралы ұсыну енгізілген сот актілерінің қайшылықтарына алып келген, қылмыстық және қылмыстық-процестік заңдардың дұрыс қолданылмауы негіз болып табылады.

      2. Осы Кодекстің 484-бабының үшінші және төртінші бөліктерінде көрсетілген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіздер:

      1) сот актісі мемлекеттік немесе қоғамдық мүдделерді, мемлекеттің қауіпсіздігін қозғаған не адамдардың өмірі, денсаулығы үшін орны толмас ауыр салдарларға әкеп соқтыруы мүмкін болған;

      2) адам өмір бойына бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан;

      3) қабылданған сот актісі соттардың құқық нормаларын түсіндірудегі және қолданудағы біркелкілікті бұзған жағдайлар болып табылады.

 

486-бап. Заңды күшіне енген сот актілеріне өтінішхат беруге, ұсыну енгізуге, наразылық келтіруге құқығы бар адамдар

      1. Осы Кодекстің 484-бабының бірінші бөлігінде көзделген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхатты осы Кодекстің 414-бабының бірінші бөлігінде аталған адамдар және сот актілері мүдделерін қозғайтын басқа адамдар және олардың өкілдері беруі мүмкін.

      2. Заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өз бастамасымен де, осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген адамдардың өтінішхаты бойынша да, осы Кодекстің 485-бабында көрсетілген негіздер бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы ұсыну келтіруге, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры наразылық келтіруге құқылы.

      Өтінішхат ұсынуға немесе наразылыққа қоса тіркеледі.

      3. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьялары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры не оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасарлары, облыстың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар қылмыстық істі тиісті соттан кассациялық тәртіппен тексеру үшін талап етіп алдыруы мүмкін.

      4. Сот істі талап етіп алдыру туралы сұрауды келіп түскен күнінен бастап жеті тәуліктен кешіктірмей орындайды. Сұрау жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында жіберілуі мүмкін.

      Іс талап етіп алдырылған жағдайда наразылық келтіру туралы өтінішхат іс прокуратураға келіп түскен күннен бастап отыз тәулік ішінде прокурордың кассациялық тәртіпте қарауына жатады. Бұл мерзім істің күрделі немесе көлемі үлкен болуына байланысты, бірақ әрбір ретте бір айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.

 

487-бап. Заңды күшіне енген сот актілеріне кассациялық тәртіппен шағым жасау мерзімдері

      1. Заңды күшіне енген айыптау үкімін сотталған адамның кінәсіздігі уәждері бойынша, сондай-ақ жазаның қатаңдығына орай неғұрлым жеңіл қылмыстық құқық бұзушылық туралы заңды қолдану қажеттігіне байланысты немесе сотталған адамның жағдайын жақсартуға әкеп соғатын өзге де негіздер бойынша кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхат, наразылық, ұсыну беру мерзімдері шектелмеген.

      2. Заңды күшіне енген ақтау үкімін, айыптау үкімін жазаның жеңілдігіне қарай неғұрлым ауыр қылмыстық құқық бұзушылық туралы заңды қолдану қажеттігіне байланысты немесе сотталған адамның жағдайын нашарлатуға әкеп соғатын өзге де негіздер бойынша не соттың істі тоқтату туралы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхат, наразылық, ұсыну беруге олар заңды күшіне енгеннен кейін бір жыл ішінде жол беріледі.

      Аталған мерзімді қалпына келтіруге жол берілмейді.

      Егер өтінішхат, наразылық, ұсыну Жоғарғы Сотқа бір жыл өткенге дейін келіп түссе, олар сотталған, ақталған адамның жағдайын нашарлататын шешім қабылдана отырып, дау туғызып отырған сот актісі заңды күшіне енген кезден бастап бір жыл өтіп кеткен соң да, олар кассациялық сатыда қарауға жатады.

 

488-бап. Заңды күшіне енген сот үкімін, қаулысын қайта қарау туралы өтінішхат, наразылық, ұсыну беру тәртібі

      1. Заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхат, наразылық, ұсыну жазбаша түрде не электрондық құжат нысанында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына беріледі. Өтінішхатта, наразылықта, ұсынуда осы Кодекстің 423-бабында санамаланған мән-жайлардан басқа, іс бойынша іс жүргізу кезінде қандай заң бұзушылыққа жол берілгені және осы бұзушылықтар шығарылған сот шешімдерінде қалай көрініс тапқаны және шағым жасалып отырған сот актісін қайта қарау үшін осы Кодекстің 485-бабында санамаланған негіздердің қайсысы бар екені көрсетілуге тиіс. Өтінішхатта оны берген адамдардың қатысуымен немесе қатысуынсыз қаралатыны туралы көрсетілуге тиіс.

      1-1. Осы Кодекстің 484-бабының бірінші бөлігінде көзделген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхат Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына беріледі.

      2. Өтінішхатқа, наразылыққа, ұсынуға өтінішхат, наразылық, ұсыну дәлелдерінің негізділігін растайтын материалдар қоса берілуге тиіс.

      3. Заңды күшіне енген сот үкімдеріне, қаулыларына берілген, өзге мемлекеттік органдарға немесе қоғамдық ұйымдарға жолданған өтінішхаттар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының іс жүргізуіне қабылданбайды.

      4. Осы Кодекстің 493-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхаттың, наразылықтың, ұсынудың берілуі олардың орындалуын тоқтата тұрмайды.

      5. Өтінішхат не наразылық, ұсыну берген адам сот отырысы басталғанға дейін өз өтінішхатын, наразылығын, ұсынуын өзгертуге не жаңа дәлелдермен толықтыруға құқылы. Бұл ретте прокурордың қосымша наразылығында немесе оның наразылықты өзгерту туралы арызында, сол сияқты жәбірленушінің, жекеше айыптаушының немесе өкілдердің үкімге шағым жасаудың осы Кодекстің 487-бабының екінші бөлігінде белгіленген мерзімі өткен соң берген қосымша өтінішхатында, егер бастапқы наразылықта, өтінішхатта сотталған адамның жағдайын нашарлату туралы талап жазылмаған болса, осындай мәселе қойыла алмайды.

      6. Өтінішхатты, наразылықты, ұсынуды берген адам іс кассациялық сатыда қаралғанға дейін оларды кері қайтарып алуы мүмкін. Сотталған адам өзінің мүддесінде өз қорғаушысы немесе заңды өкілі берген өтінішхатты кері қайтарып алуға құқылы.

 

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексі

 

831-бап. Сот қаулысына шағым жасау, прокурордың апелляциялық өтінішхаты бойынша қайта қарау тәртiбi

      1. Сот қаулысына шағым, прокурордың апелляциялық өтінішхаты қаулы шығарған сотқа жiберiледi, ол шағым, прокурордың апелляциялық өтінішхаты келіп түскен күннен бастап үш тәулік iшiнде оларды iстiң барлық материалдарымен бірге жоғары тұрған сотқа жiберуге мiндеттi.

      2. Осы Кодекстің 830-бабының екiншi бөлiгiне сәйкес сотқа құрметтемеушілік білдіру фактісі туралы iс бойынша қаулыға шағым жасалған, прокурор апелляциялық өтінішхат келтірген жағдайларда, сот қаулыға фактіні анықтау бөлігінде сот отырысы хаттамасынан үзінді көшірмені қоса береді.

      4. Судьяның әкiмшiлiк қамаққа алу түрiнде жаза қолдану туралы қаулысына шағым, прокурордың апелляциялық өтінішхаты жоғары тұрған сотқа шағым, прокурордың апелляциялық өтінішхаты алынған күнi жіберілуге жатады.

832-бап. Сот қаулысына шағым жасау, прокурордың апелляциялық өтінішхат келтіру мерзiмi

      1. Сот қаулысына шағым, прокурордың апелляциялық өтінішхаты қаулы табыс етілген күннен бастап он тәулік iшiнде, ал егер осы Кодекстiң 744, 745, 746, 747, 748 және 753-баптарында аталған тұлғалар iстi қарауға қатыспаса, оны алған күннен бастап берiлуi мүмкiн.

      2. Шағым беру, прокурордың апелляциялық өтінішхат келтіру мерзімін өткізіп алу оларды қарауға қабылдаудан бас тартуға негіз болып табылмайды. Істі дұрыс шешу үшін сот мерзімдері мен олардың мәнін шағымның, прокурордың апелляциялық өтінішхатының мазмұнына қарамастан тексереді.

      3. Әкімшілік жауаптылыққа тартылған адамның не өзіне қатысты әкімшілік іс жүргізу тоқтатылған адамның жағдайын нашарлататын шағым, прокурордың апелляциялық өтінішхаты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулы, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама, жоғары тұрған органның (лауазымды адамның) шағым, наразылық бойынша қаулысы заңды күшіне енген күннен бастап бір жылдың ішінде берілуі мүмкін.

833-бап. Шағымның, прокурордың апелляциялық өтінішхатының мазмұны

      1. Жазбаша түрде не электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанында шағым берiледi, прокурордың апелляциялық өтінішхаты келтіріледі және онда мыналар көрсетiлуге тиiс:

      1) шағым, прокурордың апелляциялық өтінішхаты берiлiп отырған соттың атауы;

      2) шағым берушiнiң, апелляциялық өтінішхат келтірген прокурордың тегі, аты және әкесінің аты (болған кезде) (заңды тұлғаның дәл атауы), тұрақты тұрғылықты жерi немесе тұрған жерi (пошта мекенжайы);

      3) қаулысына шағым берiлiп, апелляциялық өтінішхат келтіріліп отырған соттың атауы;

      4) шағым жасалып немесе прокурордың апелляциялық өтінішхаты бойынша қайта қаралып отырған сот қаулысының мазмұны, сондай-ақ шағым берген тұлға, апелляциялық өтінішхат келтірген прокурор сот қаулысы өздерiнiң құқықтарын және бостандықтарын бұзады деп есептейтiн себептер;

      5) шағым берген тұлғаның, апелляциялық өтінішхат келтірген прокурордың нақты тұжырымдалған өтінуі, талабы.

      2. Шағымға, апелляциялық өтінішхатқа осы Кодекстің 744, 745, 746, 747 және 748-баптарында аталған тұлғалар, прокурор қол қояды. Заңды тұлғаның атынан берiлетін шағымға оның өкiлi немесе осыған уәкiлеттiк берілген басқа да тұлға қол қояды.

      3. Егер басқа тұлғаның мүддесiнде шағым берілсе, прокурордың апелляциялық өтінішхаты келтірілсе, оларда мүддесi үшін шағым беріліп, апелляциялық өтінішхат келтіріліп отырған адамның аты мен тегi, тұрақты тұрғылықты жерi немесе тұрған жерi (пошталық мекенжайы) көрсетілуі қажет. Шағымға өкiлеттiктi растайтын құжат қоса беріледі.

      4. Шағым жасалып, қайта қаралып отырған сот қаулысының көшірмелерін, сондай-ақ шағымда, апелляциялық өтінішхатта келтірілген дәлелдерді негіздейтін өзге де құжаттарды қоса тіркей отырып, екі данада шағым беріледі, прокурордың апелляциялық өтінішхаты келтіріледі.

      5. Егер берілген шағым, прокурордың келтірілген апелляциялық өтінішхаты осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген талаптарға сәйкес келмесе, олар берілді деп есептеледі, бірақ толық ресімдеу үшін мерзімі көрсетіле отырып, қайтарылады. Егер көрсетілген мерзім ішінде шағым, прокурордың апелляциялық өтінішхаты қайта жасалғаннан кейін сотқа берілмесе, олар берілмеген деп есептеледі.

 

851-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша заңды күшіне енген қаулыларды қайта қараудың кассациялық тәртібі

      1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы кемінде үш судьяның алқалы құрамында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының, сот алқасы төрағасының ұсынуы, Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры мен оның орынбасарларының наразылығы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша заңды күшiне енген сот қаулысының заңдылығын және негiздiлiгiн тексеруге құқылы.

      2. Әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылған адамның не өзiне қатысты әкiмшiлiк iс жүргiзу тоқтатылған адамның жағдайын нашарлататын жағына қарай ұсыну, наразылық соттың қаулысы заңды күшiне енген күннен бастап бiр жыл iшiнде берiлуі мүмкін.

      3. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша қаулыларға, оларға шағым, наразылық бойынша соттың қаулыларына наразылық келтіру осы Кодекстің 833-бабында көрсетілген талаптарға сәйкес келуге тиіс.

      4. Әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылған адамның, жәбірленушінің, олардың заңды өкілдерінің, қорғаушылардың, заңды тұлғалар өкілдерінің, сондай-ақ өздерінің орталық мемлекеттік, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары арқылы іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) ұсынуды енгізу және кассациялық наразылық келтіру туралы өтінішхат беруге құқығы бар.

      5. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қарауға:

      1) қабылданған қаулыны орындау адамдардың өмірі, денсаулығы үшін не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін болатын;

      2) қабылданған қаулы адамдардың белгісіз тобының құқықтары мен заңды мүдделерін немесе өзге де жария мүдделерді бұзатын;

      3) қабылданған қаулы соттардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайлар негіздер болып табылады.

      6. Наразылық келтірген прокурор наразылық қаралғанға дейін кассациялық сатыдағы сотқа өтініш беру арқылы оны кері қайтарып алуға құқылы. Наразылықты кері қайтарып алу қайтадан наразылық келтіруге кедергі болмайды.