Сот үкімі

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау
Қылмыскер Б.Еспанов Шымкент қаласының теміржол бекетінің аумағында Әлиқызы Әсем деген қызбен танысқан, ол өзін «Айгерім» деп жалған есіммен айтып, екеуі жалдамалы пәтерге бірге түнеген. Б.Еспанов «Айгерімді» жезөкшелікпен айналысатын бұрынғы таныстарымен таныстырған. Ә.Әлиқызы Шымкент қаласында С.Туйчиевамен бірге өз еркімен жезөкшелікпен айналысып, жалдамалы пәтерде бірге тұрған. Б.Еспанов С.Туйчиевадан «Айгерімнің» шын есімі Әлиқызы Әсем екенін білген соң, соңғыны өтірік айтқаны үшін қорқытқан және араларында ұрыс туындаған. Ә.Әлиқызы одан кешірім сұрамаған және Б.Еспановқа қатысты арыз жазатындығын ескерткен. Б.Еспанов, Т.Мырзахметов, С.Туйчиева барлығы Ә.Әлиқызын Шымкент қаласына кіре-берісте күтіп алып, оның полицияға барып арыздану мүмкіндігін шектеп, «Самал» мөлтек ауданында орналасқан кафеге алып барып, бірлесіп арақ ішімдіктерін ішкен. Алкогольды бірге ішу барысында, Ә.Әлиқызы мен С.Туйчиеваның арасында ұрыс шығады, С.Туйчиева Ә.Әлиқызын сыра кружкасымен бетінен ұрады. Енді өздеріне қатысты арыз жазатындарына шын көздері жеткен соң, оларда жеке адамға қарсы қасақана қаза келтіру ойы туындайды. С.Туйчиева, Б.Еспанов, Т.Мырзахметов үшеуі Ә.Әлиқызын алдап, Ж.Байузаковтың автокөлігімен шет жаққа апарып, барлығы оны ұрып, тұншықтырып өлтірген. Олар жәбірленушінің денесін Жамбыл облысы Жуалы ауылы Шақпақ ата ауылы мен Бірлік ауылы арасындағы жолдың шетіне тастап, Ж.Байұзақовтың басқаруындағы автокөлікпен бой тасалаған.
Сот үкімі бойынша:
Еспанов Бауржан Кемелбекович ҚР ҚК-нің 96 бабының 2 бөлігінің «ж» тармағымен кінәлі деп танылып, оның қылмыстық әрекеттерінде Қазақстан Республикасы ҚК-нің 13 бабының 3 бөлігінің «в» тармағымен аса қауіпті қылмыстың қайталануы бар деп танылды;
Б.К. Еспановқа жаза ретінде ҚР ҚК-нің 59 бабының 2 бөлігінің ережелері қолданылып, оған өзіне тиесілі мүлкі тәркіленумен, 16 (он алты) жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жаза түзеу колониясының ерекше режимінде өтелуге;
Мырзахметов Талғат Бегимбайұлы ҚР ҚК-нің 96 бабының 2 бөлігінің «ж» тармағымен кінәлі деп танылып, өзіне тиесілі мүлкі тәркіленумен, 14 (он төрт) жылға бас бостандығынан айырылуға, жазасы түзеу колониясының қатаң режимінде өтелуге;
Туйчиева Салтанат Джорабаевна ҚР ҚК-нің 96 бабының 2 бөлігінің «ж» тармағымен кінәлі деп танылып, өзіне тиесілі мүлкі тәркіленумен, 13 (он үш) жылға бас бостандығынан айырылуға, жазасы түзеу колониясының жалпы режимінде өтелуге үкім шықты.
Байузаков Жанболат Каршыгаевич ҚР ҚК-нің 364 бабымен кінәлі деп танылып, оған 180 (бір жүз сексен) есептік көрсеткіш - 333 360 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.
 
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
 

Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметі