Анасын балағаттағаны үшін қамаққа алынды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау
Сарысу  аудандық соты ҚР ӘҚБтК-ің 73 бабы 1 бөлігі бойынша /құқық бұзушымен отбасы-тұрмыстық қатынастардағы адамдарға сыйламаушылық көрсетiлiп, былапыт сөйлеу, қорлап тиiсу, кемсiту, олардың тыныштығын бұзатын, жеке тұрғын үйде,  егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса/  әкімшілік құқық бұзушылықты жасаған 1984 жылы туған Н.-ға қатысты әкімшілік істі қарады.
Сотпен анықталғандай, азамат Н. 2016 жылғы 18 мамыр күні 19 сағат 00 минут шамасында Жаңатас қаласындағы  өз үйінде анасына себепсізден себепсіз тиісіп, ар-намысына тиетін былапыт сөздер айтып балағаттаған.
Сот отырысында жәбірленуші құқық бұзушының тарапынан мұндай теріс әрекеттердің үнемі болып тұратынын, оны кешірмейтінін білдіріп, қатаң түрде жаза қолдануды, ұлының мінез-құлқына арнайы талап қоюды сұрады.
Сот тараптарды тыңдап, құқық бұзушыға үш тәулік әкімшілік қамаққа алу жазасын тағайындап, мiнез-құлқына үш ай мерзімге ерекше талаптар белгiледі.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
 
Қайнар: Сарысу аудандық сотының баспасөз қызметі