Алдағаннан алданған тәуір, арың кірленбейді...

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

«Келіңдер жұмысқа тұрғызамын!!!» Осындай ұранмен халықты алдап келген алаяқ әйелге берілген соттың шешімі аздық ететін шығар....

Өсек пен өтірік күнәлардың ең ауыры Қазақ халқы қашаннан ұл-қызын өтірік, өсек айтпауға, біреудің ала жібін аттамауға, ар-намысын жасынан сақтауға тәрбиелеп келеді. Бұл асыл қасиеттерсіз адамдардың жүрегі қарайып, ниеті бұзылады, жан-дүниесі арам тірлік кешіп, ғұмыр жасы қысқарады...

Сотталушы Гүлмира өткен жылдың тамыз айында жақында ғана әскерден оралған, көрші ауылда тұратын күйеуінің досы Асанға ауылында тұратын Ерболат пен Марат есімді жігіттерді өз ауылында орналасқан әскери бөліміне жұмысқа орналастыратынын айтып, оларды іздеп табуға ұсыныс жасаған. Асан Гүлмираның алдағы уақытта жоспарлап қойған ойын түсінбестен, аталған жігіттерді тауып беруге көмек беретінін айтып, алайда ауылынан іздестіріп таппаған. Арада біраз күн өткен соң Гүлмира Асанның сеніміне кіру үшін, алаяқтық қылмысын жүзеге асыру мақсатында ұялы телефонына қоңырау шалып, ол жігіттердің басқа ауылда тұратынын, оларды өзі тауып алғанын айтқан. Асан Гүлмираның алаяқтық қылмысынан бейхабар болғандықтан, қызығушылықпен ол жігіттерді  қандай жұмысқа орналастырып жатқанын сұрағанда, Гүлмира өзінің ауылының маңындағы, әскери бөлімде нағашы ағасы бастықтың орынбасары деп өтірік айтып, Асанды да әскери бөлімге кіргізіп беруге уәде берген. Осылайша Асанның сеніміне кіріп, өтінішін қабылдап, жұмысқа орналастыруға 100 000 теңге сыйақы сұраған. Оның ұсынысын қабылдаған жігіт, келесі аптада аудан орталығында орналасқан Қазпошта мекемесінің жанында 100 000 теңге ақшасын берген. Алаяқ әйел ақшаны заңсыз иемденіп өзінің пайдасына жаратқан.

Дәл осылай, бұл қылмыстық іс-әрекеттерімен шектелмей, ары қарай жалғастыра отырып, Асанның інісін де жұмысқа тұрғызамын деп, 100 000 теңге ақшасын алып, күте тұруын сұраған.

Досының әйелі болғандықтан еш күмәнсіз сенген Асан ауылдасы Саятқа  әскери бөлімге жұмысқа орналастырып беретін танысы барын айтып, оған Гүлмираның ұялы телефонын берген. Көптен жұмыс іздеп жүрген Саятқа бұл жаңалық майдай жағып, Гүлмираға телефон шалады.Ұялы телефон арқылы Саяттың сеніміне кірген әйел, одан да 100 000 теңге сыйақы сұраған. 2 күннен соң Тараз қаласында орналасқан автобекет маңында Гүлмираға 100 000 теңгесін жұмысқа кіру үшін берген. Осы алған ақшалардың бәрін өз пайдасына жаратқан.

Ары қарай жалғастыра отырып, Асанға жұмысқа кіретін адамдар тауып беруге ұсыныс жасаған. Асан өзінің ауылдасы Аханға әскери бөлімге жұмысқа орналастырып беретін танысы барын айтып, Гүлмираның ұялы телефонын берген. Дәл осылай Асанның тағы 2 ауылдас туыстарыннан ақша алған.

Осылайша Гүлмира тағы бір жұмыс іздеп жүрген Әмір атты жігіттің ақшасын алған соң, одан да  жұмысқа кіретін адамдар тауып беруге ұсыныс жасаған. Әмір өзінің туған қайны ағасына келіп,  әйелдің сөзін жеткізіп, әскери бөлімшеге жұмысқа кіру туралы ұсыныс жасаған. Қайны ағасы өзінің келесімін берген. Гүлмира Әмірдің қайны ағасы Саматты әскери бөлімшеге күзетші ретінде жұмысқа кіргізе алатынын, ол үшін 100 000 теңге сыйақы беру керектігін айтқан. Әңгіме арасында Самат  ол әскери бөлімшеге жүргізуші керек емес пе деп сұраған. Сол кезде еш қорықпастан,  әскери бөлімшеде 4-ші рота ашылды, сол жерге жүргізуші мен компьютерге бағдарламашы керек деп, Саматты сендіріп айтқан. Ойында ешнәрсе жоқ Самат, өзінің күйеу баласы Алтынбек пен қызы Райханды  шақыртқан. Бәрін сендіріп сөйлейтін әйел сол жерде, олардан 205 000 теңге сыйақы бересіздер деп келіскен. Содан арада екі-үш күн өткен соң алаяқ әйел Саматтың үйіне келіп, оның сеніміне кіріп алаяқтық жолмен 100 000 теңгесін және күйеу баласынан 205 000 теңге ақшасын заңсыз иемденіп, алған ақшаны өзінің пайдасына жаратқан.

Осыдан кейінде ақшаға құныққан әйел бірнеше адамдардан ақша алып, жұмыс туралы сұрағандарға «жұмысқа тұру оңай емес, сәл күте тұрыңдар» деп созып жүре берген. Осы уақыт аралығында Гүлмира оларға әр түрлі себептер айтып, уақытты созып алдап келген. Бірде ол «әскери бөлімшенің бастығының інісі қайтыс болды, ол қазір Ақтау қаласына кетіп қалды,  шамалы күтіңіздер» деп айтқан. Сонымен қатар, полигонға бармаймын деген өтініш қағаздар жаздырып алып кеткен.

Осындай арам сөздерімен халықты алдап жүрген әйелдің арам ойын полиция қызметкерлері біліп, мән-жайды айтқан соң ақшасын беріп, жұмысты күтіп отырғандар алданғандарын білді.

Қазақстан Республикасы ҚК-нің 60-бабының 1, 4-бөліктерінің негізінде Байзақ аудандық сотының үкімі бойынша жазаның өтелмеген бөлігі тағайындалған жазаға ішінара қосу жолымен Гүлмираға түпкілікті 2 (екі) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын өтеу үшін түзеу колониясының жалпы режимі тағайындалды.

       Өтірікке әйтеуір, ертелі-кеш жаза бар. Артын ойламаған осылай опық жейтінін түсінсе...

 

(Оқиғаға қатысты адамдардың аты-жөні өзгертілген)

 

Жания Байсеитова,

Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметкері.