Жадынама

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

СОТҚА КЕЛУШІЛЕР ҮШІН

ЖАДЫНАМА

Азаматтар сотқа келген кезде күзет орнындағы мамандандырылған күзет қызметінің қызметкеріне жеке куәлігін, содан кейін шақыру қағазын (хабарламаны) көрсетеді немесе келу мақсатын хабарлайды, сондай-ақ арнайы құрал мен бақылау жүргізу үшін жасалынған техникалық жабдықтың көмегімен тексеруден өтеді. Қажет болған жағдайда жеке заттарына тексеру жүргізіледі.

Келушілерді сот ғимаратына кіргізу жұмыс күндері сағат 09.00-дан 18.30 аралығында жүргізіледі.

Түскі асқа үзіліс уақыты – 13.00-ден 14.30 аралығында сот ғимаратына кіргізу тоқтатылады.

 

СОТҚА КЕЛУШІЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ

Сотқа келушілер:

  • процесуалдық және басқа да құжаттарды беру және алу үшін сот ғимаратына кіруге, сондай-ақ сот материалдарымен танысу мақсатында сот ғимаратында болуға;
  • қабырғаларға орналастырылған сот құжаттарының үлгілерімен танысуға, ақпараттық киоскті пайдалануға және соттың өндірісіндегі немесе басқа да сот істерінің қаралу күні мен уақыты туралы ақпарат алуға, анықтама телефонын пайдалануға;
  • сот төрағасының жеке және заңды тұлғаларды қабылдау үшін белгіленген және олардың назарларына жеткізілген күндері мен сағатында сот төрағасының қабылдауына; Қазақстан Республикасының іс жүргізу заңнамасымен белгіленген тәртіпте судьяға келуге; Ұлы Отан соғысының қатысушылары және оларға теңестірілген мүгедектерді, жүкті әйелдерді және мемлекеттік марапаттары бар адамдарды қабылдау кезексіз жүргізіледі;
  • егер сот отырысы жабық деп жарияланбаған болса, сол соттың немесе басқа сот ісін қарау кезінде бақылаушы ретінде өзінің қалауы бойынша сот отырысының залында болуға;
  • сот отырысы жалғасып жатқан уақытты қоспағанда түскі асқа үзіліс кезінде қызметтік ғимаратты босатып, жұмыс күнінің барлық уақытында осы соттың ғимаратында болуға құқылы. 

 

СОТҚА КЕЛУШІЛЕРДІҢ МІНДЕТТЕРІ

 

Сот ғимаратында болған кезінде келушілер:

  • сот ғимаратында сот қызметінің тәртібімен белгіленген және қоғамдық жерлерде өзін-өзі ұстау нормаларын сақтауға;
  • сотқа кіру кезінде тыйым салынған заттарды тексеру үшін жабдықталған арнайы стационар металлдетекторлармен жүргізілетін бақылаудан өтуге, күзет қызметкерінің талабы бойынша өзімен бірге әкелген заттарын олардың көзбе-көз қарауына мүмкіндік беруге;
  • қол заттарын сақтау жәшіктеріне заттар мен құралдарды қалдыруға;
  • сот кеңсесіне кіру үшін кезектілікті сақтауға;
  • сот отырысы басталғанға дейін сот отырысына шақыру қағазын (хабарламаны) көрсете отырып, соттың кеңсе қызметкеріне сот процесіне қатысушы ретінде келгенін хабарлауға;
  • судьяларға, сот кеңсесінің қызметкерлеріне, сот приставтарына және басқа да сотқа келушілерге әдепсіздік көрсетпеуге;
  • заң талаптары мен судьялардың, кеңсе қызметкерлерінің, сот приставтарының және күзет орнындағы мамандандырылған күзет қызметі қызметкерінің өкімдерін орындауға;
  • судьялар, кеңсе қызметкерлері, сот приставтары өздерінің лауазымдық міндеттерін тиісінше орындауына кедергі келтірмеуге;
  • соттың мүлкіне мұқият қарауға, ғимаратта тазалық, тыныштық және тәртіп сақтауға міндетті. 

 

Келушілерге тыйым салынады:

  • сот ғимаратына отпен атылатын және суық қару, шанышқылы/кесетін қару, жарылғыш және тез тұтанғыш заттар, химиялық және улы заттар, жарылғыш құрылғылар, спирттік ішімдіктер алып кіруге;
  • сот ғимаратына алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйінде кіруге;
  • сот ғимаратына жануарлармен кіруге;
  • қызметтік үй-жайларда немесе сот отырыстарының залдарында судьяның немесе сот кеңсесі қызметкерінің соған рұқсатынсыз болуға;
  • танысу үшін алынған сот құжаттарын сот ғимаратынан (үй-жайынан) алып шығуға;
  • қабырғалардағы сот құжаттарының үлгілерін алуға, сондай-ақ онда жеке және жарнама ретіндегі хабарламаларды ілуге;
  • айдауыл жасағының қозғалысына кедергі келтіруге, айдалушылармен сөйлесуге;
  • күзетпен ұсталушылар үшін жабдықталған үй-жайларға тікелей жақында болуға;
  • қызметтік үй-жайларда немесе сот отырысының залдарында іскерлік стильге сай келмейтін киімдермен (шолақ шалбарлармен, сланцылармен және т.б.),  сырт киімдермен жүруге;
  • сот отырысының залдарына судьяның рұқсатынсыз фото-, кино-, бейне- және аудиоаппараттармен кіруге;
  • сот отырысы жүріп жатқан кезде байланыс құралдарын пайдалануға;
  • соттардың үй-жайларында және олардың маңайындағы аумақтарында санкцияланбаған жиналыстар, митингілер, наразылықтар, пикеттер, шерулер жасауға;
  • сот ғимаратында (үй-жайларында) темекі тартуға, спирттік ішімдіктер ішуге;
  • жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін сот ғимаратында болуға;
  • жеке заттарды мен құжаттарды қараусыз қалдыруға.

 

Сот қызметкерлері үшін

сот хат-хабарын жолдау жөніндегі

 ЖАДЫНАМА

 

Осы Жадынама сот хат-хабарын жолдауға бөлінетін бюджеттік қаражатты оңтайландыру мақсатында әзірленді.

Қазақстан Республикасының процестік заңнамасына және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты) Басшысының 2016 жылғы 05 наурыз №6001-16-7-6/89 өкімімен бекітілген аудандық және оларға теңестірілген соттардың іс жүргізу ережелеріне сәйкес сот хабарлаулары мен шақырулары пошталық, курьерлік, телеграфтық, телефон, факсимильді байланысты, ұялы байланыстың абоненттiк нөмiрiн немесе электрондық мекенжайды, құжат айналымының электрондық жүйелерін немесе хабарлаулар мен шақыруды тіркеуді қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдарын пайдалану жолымен жіберіледі.

Сот кеңсесінің қызметкері хабарлау түрін таңдау кезінде шақырылатын адамның сотқа келуін қамтамасыз ететін оңтайлы нұсқаны пайдаланады және төмендегілерді ұстанады.

Істі сот қарауына дайындау тәртібінде іс бойынша тараптардың сұхбаттасуға келу кезінде сот отырысының хатшысы оларды сотқа шақыру қағазын (хабарлама) беру жолымен сот отырысының өткізілу күні туралы хабардар етеді.

Егер адамның ұялы байланыстың абоненттік нөміріне немесе электрондық мекенжайына SMS-хабарлама жіберу арқылы оны сот отырысына шақыру туралы хабарлау жөнінде келісімі бар болған жағдайда сот кеңсесінің қызметкері келесі әрекеттерді орындайды:

1) ұялы байланыстың абоненттік нөміріне немесе электрондық мекенжайына SMS-хабарламамен сот хабарлауын немесе шақыруды жолдайды;

2) егер 24 сағаттың ішінде SMS-хабарламаның жеткізілгендігі туралы деректер келмесе, сот хабарлауын немесе шақыруды Гибридтік электрондық пошта (ГЭП) арқылы жібереді.

Егер іс бойынша тараптың бірі Департамент немесе оның аймақтық бөлімшелері болса, онда сот хабарлауы немесе шақыруы Қазақстан Республикасы сот органдарының ақпараттық жүйесі арқылы жолданады.

Іс бойынша тараптың бірі Мемлекеттік органдардың электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесіне қатысушы Қазақстан Республикасының мемлекеттік  органы  болған жағдайда сот хабарлауы немесе шақыруы ЭҚАБЖ жүйесі арқылы жіберіледі.

Сонымен қатар сот хат-хабарын жолдау кезінде Департамент орнататын, пошта байланысы арқылы жолдауға жататын облыстық, аудандық және оларға теңестірілген соттар құжаттарының тізбесін басшылыққа алу қажет.

Құжаттарды электрондық түрде беру сервистері (Электрондық үкімет порталы, Сот кабинеті) арқылы түскен жеке немесе заңды тұлғалардың электрондық өтініштеріне есепті жіберу сол сервистер арқылы сот кеңсесі басшысының немесе қызметкерінің ЭЦҚ-сымен қол қойылған электрондық құжат форматында қарастыру және қабылданған шаралар нәтижелері көрсетіліп іске асырылады.

 

СОТ ХАБАРЛАУЛАРЫН ЖӘНЕ ШАҚЫРУЛАРЫН

ҚАЙТАЛАУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ!!!